«Көктем — 2026» оқу жаттығуы
Қарағанды облысында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары ұйымдастырылды. Құтқару және инженерлік бөлімшелер су тасқыны жағдайында атқарылатын іс-қимыл алгоритмдерін пысықтап, күштерді толық жауынгерлік әзірлікке келтіруден бастап техниканы зардап шеккен өңірлерге жеткізуге дейінгі кезеңдерді жаттықтырды.
Саптық байқаудан кейін бөлімшелер колонналар құрып, жылдам топтастыруға кірісті. Оқу-жаттығудың сценарийіне сәйкес, бөлімшелердің бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына бағытталды.
Мамандар автоколонна құрып, қозғалыс тәртібі мен жолдағы қауіпсіздікті басқаруды, сондай-ақ жол және қамтамасыз ету қызметтерімен үйлесімді іс-қимылды тәжірибеден өткізді. Экипаждар арасындағы тұрақты байланыс пен үйлесімділікке ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар инженерлік және арнайы техниканы теміржол платформаларына тиеу жұмыстары да жүргізілді. Сценарий бойынша техника Батыс Қазақстан облысының шартты түрде зардап шеккен аймағына жөнелтілді. Мамандар ауыр техниканы қауіпсіз тиеу, сенімді бекіту және тасымалдау кезінде сүйемелдеу тәртібін тексерді. Бұл тәсіл нақты жағдайда, қажет болғанда, ірі күштерді алыс қашықтыққа жедел жеткізуге арналған.
Абай ауданы, Самар ауылдық округіндегі «Огород» бөлімшесінде қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ықтимал су басу аймағынан тұрғындарды эвакуациялау ұйымдастырылды. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар арнайы қабылдау пунктінде тіркеліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, медициналық тексеру мен алғашқы көмек көрсетілді. Денсаулық сақтау, полиция және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл да жеке тексеруден өтті.
«Көктем-2026» оқу-жаттығулары көктемгі кезеңде техниканың, хабарландыру жүйелерінің және жеке құрамның дайындығын кешенді бағалауға мүмкіндік берді. Тексеру көрсеткендей, су тасқыны қаупі туындаған жағдайда қызметтер жедел әрекет ете алады, ал ведомствоаралық өзара іс-қимыл тиімді ұйымдастырылған.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


