Ел дамуы мен әлеуметтік-экономикалық нәтижелер
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиында елдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері сараланып, негізгі көрсеткіштер талқыланды.
Президент экономиканы әртараптандыру, цифрландыруды жеделдету, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау жөніндегі нақты тапсырмалар берді.
– Экономикада айтарлықтай өсім бар. Сыртқы ахуал күрделі болса да, бұл жақсы нәтиже. Алайда алда атқарылатын жұмыс көп, – деді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдегі өңдеу өнеркәсібінің 40%-дан астамы металлургияға тиесілі. Президент Қарағанды облысындағы «Қармет» компаниясын мысалға келтіріп, шикізат экспорттаумен қатар дайын өнім өндірудің тиімділігін атап өтті. Үкіметке бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық бағдарламаны 1 мамырға дейін толық тексеру тапсырылды. Сонымен қатар инфляцияны баяулату, жаңа Салық кодексін енгізу, жұмыспен қамту, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қаралды.
– Былтыр саланы жетілдіру бойынша тиісті тапсырма берілді. Бұл бағытта пациенттердің электрондық жазбаларына жалпы қол жеткізу арқылы тиімділікті арттыру көзделген. Ішкі процестерді оңтайландыру мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Үкіметтің биылғы жоспарын баяндады. 2025 жылы экономикалық өсім 6,5%-ды құрады. Көлік, құрылыс, тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауылшаруашылығы салалары жоғары қарқынға ие.
– Үкімет отырысында маңызды бағыттар шешілді. Салық жүйесі, коммуналдық сала бәрі де халық үшін маңызды. Логистиканың саудадағы рөлі зор, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Марат Түсіпов.
Биыл Үкімет халық табысын өсіруге басымдық береді. Бұл үшін жаңа өндірістер құру, кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылатын болады.
Президент Үкіметтің жұмысын «жақсы нәтиже» деп бағалап, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке 1 қыркүйекке дейін сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


