Төбеден төнген қауіп
Қарағанды қаласында күн райының құбылмалы болуы тұрғындар үшін жаңа қауіп тудырып отыр: ғимараттардың шатырларында қар мен мұздың жиналуы нәтижесінде сүңгілер пайда болып, олар кез келген уақытта сырғып немесе сынып түсуі мүмкін. Күн жылынған сайын мұз еріп, ауыр салмақпен адамдарға, көліктерге қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан тұрғындар мұндай жағдайда сақтық танытып, жауаптыларды білуі қажет.
Соңғы күндердегі ауа райы мұзсүңгілердің тез пайда болуына қолайлы жағдай жасап отыр. Жылымық пен аяздың алмастыруы шатырдағы мұздың тез өсіп, салмағы ондаған килограмға жетуіне әкеледі.
– Көлікті қою өте қауіпті, тіпті адамның басына түсуі мүмкін. Теледидардан мұзсүңгі адамның өміріне қауіп төндіргенін көрдік. Дүкеннен немесе кіреберістен шыққанда абай боласың, бірақ оны кім тазалауы керегін білмеймін, – дейді қала тұрғыны.
– Біз аулада дәл осы мұзсүңгілердің астымен өтеміз. Үстіңе бірдеңе құлап кетпесе екен деп, жоғарыға қарап жүруге тура келеді. Бірде мұз көлікті зақымдаған еді, ал Бейбітшілік бульварында бір тұрғынды мұз өлтіріп кеткені есімізде, – деп еске алады басқа тұрғын.
Көптеген адам мұзсүңгілерге жергілікті әкімдік жауапты деп ойласа да, іс жүзінде жауапкершілік ғимарат иелеріне жүктелген. Қазыбек би ауданындағы ТҮКШ және тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерік Ахметов түсіндіргендей, әкімдік тек түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ал төтенше жағдайларда қалалық ТЖ басқармасы көмектеседі.
– Шатыр мен кіреберіс үстіндегі қалқаларға кондоминиум басқару органы жауапты болады. Бұл ПИК, МҮБ немесе ЖС болуы мүмкін. Үйді күтіп ұстауға тұрғындар жарна төлейді, алайда шатырды қар мен мұздан тазарту шығындары көбіне қосымша болады. Егер басқару органы әрекет етпесе, қауіп туындаған жағдайда 109 диспетчерлік қызметіне хабарлап, ресми өтінім қалдыруға болады. Біз тұрғын үй инспекциясымен бірге қажетті шара қолданамыз, айыппұл салу құқығымыз бар, – дейді Ерік Ахметов.
Егер мұзсүңгілер жеке пәтердің балконында немесе тұрғын өзі орнатқан кондиционердің сыртқы блогында пайда болса, оларды тазалау толықтай пәтер иесінің жауапкершілігінде. Мұндай жағдайда келтірілген залал немесе жарақат үшін жеке тұлға жауапкершілікке тартылады, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін.
Тұрғындар үшін басты ереже – сақтық пен алдын алу. Ғимарат иелері мен басқарушы ұйымдардың ескертулеріне мән беріп, шатыр мен балкондарды мұздан тазартуды қадағалау өмір мен мүлікті қорғаудың ең сенімді жолы.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


