15 наурыз – ел тарихындағы маңызды шешім күні

2026 жылғы 15 наурыз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айрықша күндердің бірі ретінде аталды. Бұл күні Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған шешім ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам ретінде бағалануда. Референдум өткізу арқылы мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселелерді халықтың тікелей қатысуымен шешу көзделіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайта түседі.

Елімізде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауалмен республикалық референдум өтеді. Жаңа Ата заң жобасы бүкілхалықтық дауыс беруге ұсынылып отыр. Небәрі 17 күннен кейін әрбір қазақстандық азамат өз таңдауын жасап, тарихи шешім қабылдайды. Бұл қадам тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін айрықша маңызға ие. Сондықтан жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі тікелей халықтың еркіне берілді. Қазақстан Республикасының Конституциялық сотының ресми сайтында жаңа Ата заң жобасының толық мәтіні жарияланды. Құжатпен кез келген азамат танысып, өз ұстанымын айқындай алады. Ел тарихында маңызды орын алатын бұл күнге қатысты Қарағанды қаласының қоғам белсенділері де пікір білдіріп, референдумның маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, Ата заң – мемлекеттің басты құжаты, ал оны қабылдау немесе қолдау мәселесі әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Сарапшылардың пікірінше, референдум – халық үнін естудің және демократиялық қағидаттарды нығайтудың айқын көрінісі. Сондықтан алдағы дауыс беру ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды саяси оқиға болмақ.

– Жаңа Конституцияның мазмұнына зер салсақ, оның алдағы он, жиырма, тіпті отыз жылға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бергенін көруге болады. Бұл ең алдымен құжаттың кіріспе бөлімінен анық аңғарылады. Жаңа редакциядағы кіріспе бұрынғы преамбуладан өзгеше сипатта жазылған. Онда қазақ мемлекеттігінің мыңжылдық тарихы нақты атап көрсетіліп, тарихи сабақтастық айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар Қазақстанның біртұтас, унитарлы әрі бірегей мемлекет екені нақты әрі нық түрде бекітілген. Бүкілхалықтық референдумда осы жаңа жобаны қабылдағаннан кейін оның шын мәнінде ел тарихындағы маңызды әрі тағдырлы құжат екеніне көз жеткіземіз деп ойлаймын, – деді Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ниқанбай Омарханов.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»