Эпилепсияға қарсы дәрі: тапшылық пен уайым
Қарағанды облысында эпилепсиямен ауыратын балаларға қажетті өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмек тапшылығы сезілуде. Кейбір препараттар тек емханаларда ғана емес, дәріханаларда да жоқ болып шықты. Бұл жағдай ата-аналар мен дәрігерлер үшін үлкен алаң тудырып отыр.
Ирина Гурьянованың ұлы эпилепсиямен ауырады. Ұстама кезінде бала 40 секундқа дейін тыныс алмай қалуы мүмкін. Төрт ай бойы отбасы мен дәрігерлер тиісті ем іздеген. Ұстаманы тек үш түрлі дәрінің комбинациясы ғана басады. Алайда биыл соның бірі емханада жоқ болып шықты, невролог дәрінің басқа аналогын ұсынған.
«Эпилептолог бізге тәуекел етудің қажеті жоқ екенін айтты. Әйтпесе, «кері әсер» беріп, кейін ешқандай препаратпен ұстаманы тоқтата алмауымыз мүмкін. Бұл өте қорқынышты, түнде алты-сегіз рет ұстама болады. Дәріханаларды аралап, соңғы жеті қорабын сатып алдым, енді ол дәріханаларда да жоқ сияқты», – дейді Ирина Гурьянова.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, эпилепсияға қарсы дәрі-дәрмек тапшылығы бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Мәселе мынада: балаларға Қазақстанда тіркелген дәрілермен қатар, тіркелмеген препараттар да жазып беріледі. Науқастар олардың тек бір бөлігін тегін ала алады. Ал тіркелмеген дәрілерді Денсаулық сақтау министрлігі бір реттік партиялармен алдыртады, дәріханалардан сатып алу мүмкін емес. Жеткізілімдегі іркілістер емнің үзілуіне және ремиссияның бұзылуына әкеліп соғады.
«Жалпы, жағдай әрдайым осылай, себебі жеткізушілер жоқ, әсіресе тіркелмеген препараттар бойынша. Көбіне жеткізушілердің болмау себебі – сатып алу үшін бекітілген бағаның тым төмендігі. Бірде-бір жеткізуші пациенттер үшін дәріні сатып алып, әкелгісі келмейді», – дейді қоғамдық қор директоры Светлана Киричкова.
Қиындықтар тек дәрі тапшылығында ғана емес. Тіркелмеген препараттарды тек 18 жасқа дейінгі балалар ала алады. Ал одан әрі ауру жалғасса да, дәрі жоқ. «СК-Фармация» эпилепсияға қарсы тіркелген 23 дәріні сатып алады. Биыл бұл мақсатқа 3,9 млрд теңге бөлінген, препараттардың 87%-ы жөнелтілді.
«Барлығы дерлік жеткізілді. Қазір тек дәрі-дәрмекті емханалар деңгейінде тасымалдау кезеңі жүріп жатыр. Сондықтан кейбір емханада уақытша болмауы мүмкін, бірақ барлық дәрі емес», – дейді Жанайдар Мусин, «СК-Фармация» ЖШС басқарушы директоры.
Ал тіркелмеген препараттарды тек нақты пациенттер үшін Денсаулық сақтау министрлігі сатып алады. Мәселені шешу үшін Министрлік, «Фармация» және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен кеңесі құрылды. Бірақ әзірге ата-аналар қажетті дәрілерді өздері іздестіруде, кейде оны шетелден іздеп табуға мәжбүр.
Эпилепсиямен ауыратын балалардың өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппайынша, ата-аналар өз балаларын тәуекелге тігіп, өмірін қауіпке қоя береді. Дәрі тапшылығы – тек медициналық проблема емес, бұл қоғамның адамгершілік міндеті мен мемлекеттік бақылаудың сын алаңы.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»


