Қарағандыда «Тренер аға» сериалының жабық көрсетілімі өтті

Қарағанды қаласында «Тренер аға» атты жаңа отандық телехикаяның жабық көрсетілімі ұйымдастырылды. Бокс тақырыбын негізге алған жоба өңірде түсірілген. Көрсетілім барысында шығармашылық топ өкілдері журналистермен және көрермендермен кездесіп, сериалдың мазмұны мен түсірілім барысы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ туындының ерекшеліктері мен басты идеясы жайында ой бөлісті.

«Тренер аға» – кәсіби бокс тақырыбын негізге алған әлеуметтік-драмалық сериал. Шоуда бұрынғы спортшының жаттықтырушы ретінде жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың өмірінде оң өзгерістер енгізуге деген талпынысы суреттеледі. Сериал арқылы спорттағы тәртіп, ерік-жігер және мақсатқа жетуге деген сенім сияқты құндылықтар кеңінен көрсетіледі. Жоба авторларының пікірінше, туындының негізгі мақсаты – жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, оларды табандылыққа және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру. Түсірілім барысы Қарағанды қаласында жүзеге асырылды. Жергілікті спорт залдары мен қаланың өндірістік аймақтары сериалға шынайылық пен өміршеңдік қосқан. Режиссердің айтуынша, бұл туынды тек спорт жайлы ғана емес, сонымен қатар өмірлік таңдау мен жауапкершілік тақырыбын да қамтиды.

– Бұл сериал тек жастарды ғана емес, барша көрерменді ынталандыруға арналған. Қандай қиындық болса да, әрқашан өз мақсатыңа ұмтылу, ең жақсы болуға тырысу және таланттарын көрсету маңызды. Мұнда басты тақырып – бокс деп айтуға болады. Кастинг шамамен екі-үш айға созылды. Алғашында актерлік шеберлік пен тәжірибе басты критерий болса, спорттық қабілеттер де маңызды рөл атқарды, әсіресе басты кейіпкерді таңдау кезінде, – деді режиссер Бейбіт Өнер.

Сериалдағы Дархан кейіпкерін жас актер Қуаныш Құдайберген сомдайды. Оның кейіпкері өмірін спортқа арнап, шәкірттеріне бағыт-бағдар беретін табанды жаттықтырушы ретінде көрінеді. Актер рөлге дайындық кезінде арнайы спорттық жаттығулардан өтіп, кейіпкердің образын мүмкіндігінше шынайы жеткізуге тырысқанын атап өтті.

– Меніңше, сериал көрерменнің жылы қабылдауына ие болды. Көрермен оны жақсы қарсы алды және өз аудиториясын тапты деп есептеймін. Ал Қарағандыда түсіру кездейсоқ емес – бокстың дамуына қатысты бұл қала символдық мәнге ие. Қазақстанда көптеген мықты чемпион шыққанын мойындау керек, сол себепті Қарағандыда түсіру бұл жобаның әсерін күшейтеді деп ойлаймын, – дейді актер Қуаныш Құдайберген.

Жаңа туындыны әртүрлі медиа платформа арқылы көруге болады. Кеш барысында көрермендерге сериалдың алғашқы бөлігі көрсетілді. Зал көрермендермен толық толып, жаңа туынды зор қошеметке ие болды. Шараға қалалық мәслихат депутаттары қатысып, шығармашылық топты құттықтап өтті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»