Платонның сиқырлы әлемдері

Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында 12 жастағы жас жазушы әрі креатор Платон Нечаевтың «Платонның сиқырлы әлемдері» атты авторлық экологиялық кітаптар сериясының тұсаукесері өтті. Шараға оқушылар, ұстаздар мен сала мамандары қатысып, жас қаламгердің шығармашылығына куә болды.

«Платонның сиқырлы әлемдері» – табиғатқа жанашырлық, тұрақты даму, жасыл қалалар қалыптастыру және адамзаттың планета болашағына деген жеке жауапкершілігі тақырыптарын арқау еткен заманауи экологиялық әңгімелер топтамасы. Жоба авторы күрделі экологиялық мәселелерді балалардың түсінігіне жақын, жеңіл әрі көркем тілмен жеткізуге тырысқан.

Кітаптардағы иллюстрациялар жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленген. Бұл жоба шығармашылықты, цифрлық құралдарды және экологиялық ойлауды тоғыстырған тың бастама ретінде ерекшеленеді. Заманауи технология мен әдебиеттің үйлесімі жас оқырманның қызығушылығын арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тұсаукесер барысында жас автор өз идеясымен бөлісті.

– Балалардың табиғатты жақсы көріп, әрқайсысы маңызды іс атқара алатынына сенгенін қалаймын. Тіпті шағын әңгіме де әлемді өзгертуге ықпал ете алады, – деді Платон Нечаев.

Жоба балалар әдебиеті саласындағы қаламгерлер мен балалар психологиясы мамандары тарапынан оң бағасын алды. Атап айтқанда, Лондонда орналасқан Hertfordshire Press баспасының редакторы Марат Ахмеджанов «Платонның сиқырлы әлемдері» табиғатқа деген қамқорлықты ұран арқылы емес, баланың шынайы көзқарасы арқылы жеткізетін сирек кездесетін әсерлі туынды екенін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар балалардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе, экология тақырыбы көркем әдебиет арқылы берілгенде, ол жас буын санасына тереңірек сіңеді.

Кітаптар сериясы EcoPlaton экожүйесінің бір бөлігі саналады. Бұл бастама экологиялық әңгімелерді, аудиоформаттарды, цифрлық контентті, геймификацияланған экомаршруттарды және мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламаларын біріктіреді. Яғни жоба тек кітап шығарумен шектелмей, тұтас ағартушылық платформа қалыптастыруды көздейді.

2025 жылы жоба командасы Қарағанды қаласында 200-ден астам ағаш отырғызып, Аппақ Байжанов ескерткіші маңында алғашқы Шығармашылық және креатив аллеясын құруға атсалысты. Бұл бастама балалардың табиғатты қорғау ісіне тікелей қатысуына мүмкіндік берді.

Бұған дейін Платон өз жобасын Астана қаласындағы креативті хабта таныстырған.

Шараға оқушылармен қатар Қазақстан Республикасының Сенаты, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, туризм саласы және өзге де профильді ведомстволардың өкілдері қатысты.

Жобаның мазмұны Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында атап өткен жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытымен үндеседі. Мемлекет басшысы қоршаған ортаны қорғау мәселесін стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындап келеді.

Қазіргі уақытта жоба командасы Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, мектеп кітапханалары мен білім беру ұйымдарындағы оқу бұрыштарына Платонның экологиялық әңгімелеріне сілтеме жасайтын QR-кодтарды орналастыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл балаларға кітаптардың цифрлық және аудио нұсқаларын тегін пайдалануға жол ашады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»