«Ең бастысы – көңіл қартаймасын»: Марат Аймағамбетов 85 жаста

Алтыншы ақпанда Әлихан Бөкейхан ауданының қадірлі ақсақалы, қоғам белсендісі Марат Сейфоллаұлы Аймағамбетов 85 жасқа толды. Ол 17 жылдан бері Әлихан Бөкейхан ауданы Ардагерлер кеңесін басқарып, аға буынның ғана емес, тұтас бір буынның рухани тірегіне айналып келеді.

Марат Сейфоллаұлының жетекшілігімен Кеңес соғыс тауқыметін көргендер мен тылда еңбек етіп, елді қайта түлеткен қариялар үшін шынайы қолдау орталығына айналды. Бұл – тек атаулы әлеуметтік көмек көрсету немесе тұрмыстық мәселелерді шешу ғана емес. Ең бастысы – адамға деген ықылас, құрмет пен қамқорлық. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарға патриоттық тәрбие беру – кеңес жұмысының басым бағыттарының бірі.

Мерейтой иесін тілшілеріміз өз шаңырағында құттықтап, әңгімеге тартты. Жылы жүзбен қарсы алған қария 85 жылдық белесте жеке жетістіктерін тізбектеген жоқ. Керісінше, өмір жолында бірге еңбек еткен жандарды, қамқорлық жасаған адамдарды, ортақ іске үлес қосқан серіктестерін еске алды.

– Мен бірге жұмыс істейтін ардагерлер кеңесіне ризамын, олар – менің ниеттестерім. Біздің ойымыз да, мақсатымыз да бір. Менің жолым мұнымен аяқталмайды деп ойлаймын. Қоғамға тағы қалай пайдалы бола аламын – соны ойлаймын, – дейді мерейтой иесі.

Бұл – жеке бастың мүддесінен гөрі қоғамдық мүддені жоғары қоятын аға буынға тән қасиет. Мұндай тәрбиені ол ата-анасынан алған. Анасы – алғашқы әйел делегаттардың бірі, әкесі милиция қызметкері болған. Бала Мараттың арманы әскери адам болу еді.

– Бес жасымда әкем маған шинель тігіп берді. Мектепке алты жасымнан бардым. Суворов училищесіне түсуді армандадым, бірақ ол жерге төртінші сыныптан бастап қабылдайды екен, ал менің жасым тоғызға енді толған еді. Мектепті 16 жасымда бітірдім. Училищеге 17 жастан қабылдайтын болған соң, Политехке оқуға түстім. Бірақ бұл маған ұнамады. Шахтада забойда жұмыс істеп жүріп, оң аяғымнан жарақат алдым, кейін әскерге шақырылдым, – деп еске алады ол.

Әскер қатарында жүргенде Марат Аймағамбетов өзінің нағыз орнын тапқанын түсінеді. Әскери училищеге түсіп, офицерлік жолды таңдайды. Ол дәл осы ортада тұлға ретінде қалыптасқанын айтады. Командирлерінен көрген талап пен тәртіпті, адамгершілік пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған.

Қызмет барысында полковник шеніне дейін көтерілген ол жауынгерлердің мұң-мұқтажына әрдайым әкелік жанашырлықпен қараған. Кабинетте отырып басқарудан гөрі, сарбаздардың жанында болуды жөн санаған.

– Бір әжеміз 90 жаста, сегіз ұлы бар. Кейбірі жанында тұрса да, анасына сирек келеді. Сондықтан біз қарияларға тек материалдық емес, адами қолдау да қажет екенін үнемі айтамыз, – дейді ол.

Бүгінде Марат Сейфоллаұлы қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер мен ардагерлердің басын қосатын викториналар, концерттер, патриоттық кездесулер – соның бастамашысы. Оның айтуынша, патриоттық тәрбие – тек тарихи даталарды жаттау емес, бұл – тікелей сұхбат, аға буын мен жас буынның жанды байланысы. Сонда ғана тарих оқулықтағы құрғақ жолдар емес, нақты тағдырлар арқылы сөйлейді.

85 жас – қорытынды жасайтын меже емес, жаңа жоспарлар құратын кезең. Сергектігінің сыры – күн сайын қозғалыста болу, қоғамға қажет екенін сезіну. Оған қоса жанынан табылатын үлкен әулеті – ұл-қыздары, немере-шөберелері – оның басты байлығы.

«Ең бастысы – көңіл қартаймасын» дейді мерейтой иесі. Ал көңілі жас, рухы сергек жанның қоғамға берері әлі де мол.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»