Қарағанды аграршылары егіс науқанына кірісті
Қарағанды облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызу жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым қорын жасақтап, техникаларын сайлап, алдағы науқанды ұйымдасқан түрде өткізуге кіріскен.
Облыс бойынша 100 мың тоннадан астам тұқым әзірленген. Егістік алқаптарына 11 мың трактор, 229 егіс кешені және 10 мыңнан астам сепкіш пен топырақ өңдеу агрегаты шығарылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда техниканың дайындығы 96 пайыздан асты.
Дайындық барысы облыстық жедел штабтың бақылауында. Бұл туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жыл агроөнеркәсіп саласы үшін нәтижелі болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 531,1 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетті. Оң динамика егін және мал шаруашылығы салаларында да байқалды.
Өткен жылы 1 млн тоннадан астам астық бастырылып, картоп, көкөніс және майлы дақылдар өндірісі артты. Суармалы жер көлемі шамамен 10 мың гектарға ұлғайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 60 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Мамандар өсім жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану, тыңайтқыш енгізу, заманауи технологияларды қолдану және машина-трактор паркін жаңарту есебінен қамтамасыз етілгенін атап өтеді.
Мал шаруашылығында да ілгерілеу бар: ет пен сүт өндірісі көбейіп, жұмыртқа өндіру тұрақты деңгейде сақталуда. Асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі жыл сайын артып келеді.
– Ауылшаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау оң нәтижелерге негіз болды. Жол картасы аясында бір жыл ішінде 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 287 жұмыс орны құрылды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 83 займ беріліп, фермерлердің жобалары қаржыландырылды. Негізгі қаражат мал шаруашылығын дамыту мен техника алуға бағытталды, – деді Сырым Бошпанов.
Жер қатынастары саласын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Ғарыштық мониторинг пен геоаналитика нәтижесінде 146,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жері анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл шара жайылым тапшылығын азайтуға бағытталған.
2026 жылы егіс алқаптарын кеңейту және өнімділікті арттыру жұмыстары жалғасады. Негізгі басымдық майлы дақылдар мен оларды өңдеуге берілмек. Өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген қаржыландыру шикізаттың тұрақты өткізілуіне және өндірістік қуаттың тиімді жүктелуіне жол ашады.
Мал шаруашылығында жаңа сүт-тауар фермаларын, бордақылау алаңдарын және құс шаруашылығы нысандарын іске қосу жоспарланып отыр. Мәселен Нұра ауданында 660 сауынды ірі қараға арналған «Рамадан» сүт-тауар фермасы арқылы сүт өндірісін ұлғайту көзделген. Ал Шет ауданында суармалы жерді кеңейту мен жаңа технологияларды енгізу есебінен өнімділік артпақ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аграршылардың өткен жылғы еңбегін жоғары бағалап, алдағы міндеттерді нақтылады.
– Биыл барлық секторда өнім көлемінің өсімін қамтамасыз ету қажет. Егіс науқанын агротехникалық мерзімде сапалы өткізу, шаруашылықтарды қаржымен, тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармаймен толық қамту – басты міндет, – деп атап өтті өңір басшысы.
Осылайша, Қарағанды облысының аграршылары көктемгі науқанға нық дайындықпен кірісіп, биылғы жылды да табысты аяқтауды мақсат етіп отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


