Қаладағы ауа сапасы: түтін мен шаңның көлеңкесі

Қарағанды тұрғындары соңғы жылдары ауаның сапасына қатты алаңдаулы. Қалада өмір сүру мүмкін емес деген шағымдар көбейіп келеді.

Билік әрдайым бір жауап қайталайды: жақын арада газдандыру жүргізіледі, мәселе соның арқасында шешіледі. Қазгидромет 7 метеостанция арқылы қаланың ауасын бақылайды, алайда тек 12 көрсеткіш бойынша ғана сынама алады: шаң бөлшектері, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот оксиді мен диоксиді, формальдегид, аммиак, мышьяк және фенол.

«Қазіргі уақытта көмір сапасының төмендігіне байланысты мәселе бар екенін білеміз. Қабаттар орташа деңгейден төмен түскен, бірақ біз тексеру жүргізуге құзыретіміз жоқ. Алайда шағымдардың жиілеуін ескере отырып, әкімдікпен бірлесіп шешу жолдарын қарастырамыз», – дейді Қарағанды облысы Экология департаментінің маманы Людмила Трушина.

Ресми деректерге сәйкес, 26 мың жеке тұрғын үйдің 9 мыңы газбен қамтылған, бірақ соның тек 6 мыңы ғана нақты қосылған. Тұрғындар кеңес дәуірінде пештерден мұншалықты қою түтін болмағанын айтады. Қарағандыдағы көмір өндірушілердің өзі жеке секторға сатылатын көмірдің сапасыз екенін мойындайды.

«Тас көмірдің ең ірі өндірушісі жеке секторға көмір сатудан бас тартып отыр. Басқа өндірушілер көбіне қоңыр көмір береді, оның сапасы төмен. Қазандықтың қасынан өтіп бара жатып, өз көміріміздің қалай жанатынын көре аласыздар: түтін мүлде жоқ, тек жеңіл бу байқалады», – дейді шахта директоры Андрей Белов.

«Қазіргі «көмір» деп сатылып жүрген қара масса – түсініксіз қалдықтар, тас мөлшері тым көп. Соңғы 10 жылда көмір сапасын біреу бақылап, заң бұзушылықты анықтады дегенді естіген жоқпын. Бұл – толық бақылаусыз, жабайы нарық. Соның салдарынан кездесетін аурулар мен мезгілсіз өлім-жітімнің шамамен 30%-ы ауаның ластануының нәтижесі», – дейді ЭкоМузей даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков.

Қарағандылықтар сапалы көмірге қол жеткізе алмай отыр. Олар биліктен бұл мәселеге шындап назар аударуды және халыққа сатылатын көмірдің сапасын жүйелі түрде тексеруді талап етеді. Қаладағы түтін мен шаң – тек көрініс емес, бұл тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей қауіп.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»