Интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні
15 ақпан – елден тыс жерде әскери борышын өтеп, антына адал болған, жанқиярлық пен батылдықтың жоғары үлгісін көрсеткен интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні. Бұл дата 1989 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан толық шығарылуымен тікелей байланысты.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай қаладағы Жеңіс саябағында орналасқан «Ауғанстандағы интернационалдық борышын өтеген жауынгерлерге» арналған ескерткіш-мемориалына гүл шоқтары қойылды. Тағзым ету шарасына ардагерлер, әскери қызметшілер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың ерлігіне құрмет көрсетті. Ауған соғысы – талай шаңыраққа қайғы әкелген, талай жастың тағдырын өзгерткен тарихи кезең. Жүздеген жауынгер Отан алдындағы парызын адал атқарып, туған жерге оралмады. Ал елге аман-есен оралған сарбаздар бейбіт өмірдің бел ортасында еңбек етіп жүргенімен, жүректерінде соғыстың сызаты сақтаулы. Шара барысында ауған соғысының ардагері Жантасов Амангелді сөз сөйлеп, сол бір ауыр жылдарды еске алды.
– Біз үшін ең бастысы – бейбіт өмірдің қадірін ұғыну. 15 ақпан – біз үшін ерекше күн. Бұл – қару асынған күндерді, қасымызда болған қаруластарды, елге оралмай қалған боздақтарды еске алатын сәт. Біз әскери антқа адал болдық, берілген тапсырманы орындадық. Ол кезде Отан бұйырды – біз бардық. Жастық жігермен, жауапкершілікпен қызмет еттік. Ауған жеріндегі әр күн сын болды. Дегенмен, бізді алға жетелеген – бірлік пен достық. Бүгінде бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымыз – ең үлкен бақыт. Жастар соғысты көрмесін, қарудың үнін естімесін деп тілейміз. Олар білім алып, ел дамуына үлес қосса – біздің көрген қиындығымыздың өтеуі сол, – деп бөлісті, ардагер Амангелді Жантасов.
Мұндай тағзым шаралары – бүгінгі және келешек ұрпақтың санасында Отанға қызмет етудің мәнін терең ұғындыруға бағытталған. Ерлік – ұмытылмауы тиіс. Интернационалист-жауынгерлердің батырлығы мен қайсарлығы – ел жадында мәңгі сақталады. 37 жыл өтсе де, ауған соғысының жаңғырығы талай жүректе сақтаулы. Ардагерлер бүгінде бейбіт өмірдің еңбеккерлері атанса да, соғыстың салған жарасы толық жазыла қойған жоқ. Сондықтан 15 ақпан – тек тарихи дата емес, бұл – ерлікке тағзым, бейбітшілікке үндеу күні.


