Ата Заң – ел тірегі

Қарағанды облысының зиялы қауым өкілдері жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, жаңартылған Ата Заң жобасы – қоғам сұранысына сай әзірленген, ұзақ әрі жан-жақты сараптамалық жұмыстың нәтижесі. Зиялы қауым өкілдері Конституция елдің тұрақтылығы мен бірлігінің негізгі тірегі екенін атап өтіп, ұсынылған өзгерістер мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

Ата заңға енгізілген түзетулер елдің жан-жақты өркендеуіне және өңірлердегі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді деген сенім бар. Сарапшылардың айтуынша, жаңартылған нормалар адам құқықтарын нығайтуға, ғылым мен білім саласын ілгерілетуге, мәдениет пен экономиканың дамуына серпін беруге мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, бұл өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімді әрі жүйелі жұмыс істеуіне берік негіз қалайды.

– Ең алдымен, Конституцияның преамбуласына енгізілген өзгерістерге тоқталғым келеді. Өздеріңіз білетіндей, 1995 жылы қабылданған Конституцияның кіріспесімен қазіргі нұсқасын салыстырсақ, олардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ғалым әрі ұстаз ретінде айтарым – жаңартылған Конституцияның бас кіріспесінде білімге, ғылымға және мәдениетке ерекше мән беріліп, олардың қоғам дамуындағы маңызы нақты әрі айқын көрсетілген, – деді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»