Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы

Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының асқар шыңы, жүрекке жол табатын шынайы сезімнің, терең ойдың ақыны. Оның жырлары бір дәуірдің ғана емес, бірнеше ұрпақтың рухани серігіне айналды. Уақыт алмасқан сайын ақын мұрасы ескірмек түгіл, қайта жаңғырып, әр буынның өз таным-түсінігімен қайта ашылып келеді. Сондықтан да Мұқағали поэзиясын жас ұрпаққа ерте таныту – рухани тәрбие берудің маңызды тетігі. Осы мақсатты негізге алып ақынның 95 жылдық мерейтойы аясында №19 мектепте жоғары деңгейде тағылымды шара ұйымдастырылды.

«Мен деп ойла» атауымен өткен әдеби-сазды кеш оқушыларды Мұқағали әлеміне жетелеп, поэзия мен сахналық өнердің үйлесімді тоғысын көрсете білді. Кеш барысында ақын жырлары құр жаттаумен шектелмей, көркем қойылым, ән мен әсерлі сахналық көріністер арқылы көрерменге жол тартты. Нәтижесінде Мұқағали поэзиясы сахна төрінде тіріліп, залда отырған әрбір жанды терең ойға жетеледі.

Аталған кеш мектептегі «Жыр Жалын» поэзия әлемі жобасы аясында өткізілді. Бұл жоба жасөспірімдердің әдебиетке, әсіресе қазақ поэзиясына деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Жоба аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Поэзия әлемі: қазақ поэзиясын оқытудың тиімді тәсілдері» атты әдістемелік ұсыным жарық көрген. Аталған еңбектің автор-құрастырушылары – тәжірибелі ұстаздар Аңсаған Қазиева мен Айгүл Алдабаева.

Кештің басты ерекшелігі – оның иммерсивті форматта өтуі. Оқушылар әр өлеңнің мазмұнына терең бойлап, сезіммен жеткізуге тырысты. Әрбір сахналық көрініс өлеңнің ішкі мәнін ашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұйымдастырушылар оқушылардың жас ерекшеліктерін де ескерген.

– Шынын айту керек, бұл кешке бір айға жуық дайындалдық. Қатысушылар мектебіміздің белсенді әрі озат оқушылары. Кештің мазмұнын барынша түрлендіріп, жас ерекшеліктеріне сай тақырыптарды таңдадық. Мәселен 5-6 сынып оқушыларына Отан, туған жер тақырыбындағы өлеңдерді ұсынып, мазмұнын тереңірек ашуға тырыстық, – дейді кешті ұйымдастырушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанкелді Кенжебайұлы.

Әдеби кеш барысында Мұқағали мұрасы көпқырлы түрде көрініс тапты. Өлең оқумен қатар, әуезді әндер шырқалып, сахналық көріністер қойылды. Айтыскер ақын Нұрмұхамед Байсүгір Мұқағали сөзіне жазылған «Бала ғашық» әнін орындап, кейін «Қайран жеңгемді» домбыраның қоңыр үнімен шырқап, көрерменнің көңілін толқытты.

Сонымен қатар оқушыларды сахналық қойылымға дайындап, кештің мазмұнды өтуіне зор үлес қосқан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Маржан Ануарқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Театр мен мектеп арасындағы мұндай шығармашылық байланыс жас ұрпақтың өнерге деген ынтасын арттырары сөзсіз.

– Осындай тағылымды кешке үлес қосу мен үшін үлкен қуаныш. Мұқағали атамыздың өлеңдері бізге әрдайым рухани күш береді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса екен, – дейді кешке қатысқан оқушы Тілеуберді Бахатұлы.

Қорыта айтқанда, «Мен деп ойла» атты әдеби-сазды кеш көрерменге ғана емес, оны ұйымдастырған ұстаздар мен сахнаға шыққан оқушылар үшін де үлкен рухани серпіліс болды. Жас жүректер поэзиямен тыныстап, сөз құдіретін тереңірек сезінді. Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік мұрасы уақыт өткен сайын өз құнын арттыра бермек. Себебі ақын жыры – кезеңмен өлшенбейтін, ұлт рухымен біте қайнасқан асыл қазына.

Ералы ҒАНИ,

«QH»