Қарағандыда қараңғыда тамашалауға болатын картиналар көрмесі ашылады

Қарағанды қаласындағы «Алтын ғасыр» галереясында көрерменді тосын әсерге бөлейтін тың форматтағы көрме ашылмақ. Бұл жолы картиналар әдеттегі жарық залда емес, арнайы ұйымдастырылған жартылай қараңғы кеңістікте ұсынылады.

Көрменің идеялық тұжырымдамасын қарағандылық суретші Дмитрий Кецман әзірлеген. Ол өзі ойлап тапқан авторлық техниканы Phosphorescent shadow body деп атап, бейнені қараңғылық арқылы ашуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс суреттерді тек көру емес, сезіну арқылы қабылдауға жетелейді.

Суретшінің айтуынша, көрменің басты ерекшелігі – оның құпиясында. Автор техниканың егжей-тегжейін әдейі ашпайды. Себебі белгісіздік көрерменнің қызығушылығын арттырып, экспозицияның ерекше атмосферасын қалыптастырады.

– Залда толық қараңғылық болмайды, тек қою жартылай жарық орнайды. Сондықтан келушілерден қара немесе қою түсті киіммен келуді сұраймыз. Бұл көрерменнің көзге түспей, көркем кеңістіктің бір бөлігіне айналуына мүмкіндік береді, – дейді Дмитрий Кецман.

Экспозициядағы туындыларды бір ғана ортақ белгі біріктіреді – орындалу техникасы. Ал тақырыптық мазмұны мен идеялық бағыты әртүрлі. Әр картина өзіндік көңіл күйді, ішкі мағынаны және ой салатын бейнелерді ұсынады.

Көрменің салтанатты ашылуы 14 ақпанда сағат 18:00-де өтеді. Кіру тегін. Экспозиция 19 ақпанға дейін жұмыс істейді.

Айта кетейік, Дмитрий Кецман – Қарағанды қаласының танымал суретшілерінің бірі. Ол Ұлыбританиядағы Таланттардың жаһандық конфедерациясының алтын серіктесі, Мәскеудің Халықаралық суретшілер одағының мүшесі, сондай-ақ бірқатар халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаты. Бұл көрме – суретшінің «Алтын ғасыр» галереясындағы үшінші жеке экспозициясы.