Халықаралық кітап сыйлау күні ерекше форматта өтеді

Қарағанды қаласында Халықаралық кітап сыйлау күніне орай мазмұнды мәдени шара өтпек. Мерекелік шара 13 ақпанда Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылады.

Әлемде 2012 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан Халықаралық кітап сыйлау күні биыл қарағандылық оқырмандар үшін ерекше форматта өтеді. Кітапхана қабырғасында бұл мереке алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылмақ.

Шара «Оқы, егер…» атты тосынсый-сыйлық көрмесінен басталады. Таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасатын көрмеде сыйлық қағазына оралған кітаптар ұсынылады. Олардың мұқабасы мен атауы көрінбейді, тек «Көңілің түссе – оқы» немесе «Көңіл күйің жақсы болса – оқы» деген жазуы бар жапсырмалар арқылы оқырман өз көңіл күйіне сай кітапты таңдай алады. Таңдалған кітапты келушілер өзімен бірге алып кетуге мүмкіндік алады.

Мереке аясында оқырмандар кітапханаға өз кітаптарын да сыйға тарта алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты талап – кітаптардың жақсы сақталған әрі өзектілігін жоғалтпаған болуы.

Кітапсүйер қауым үшін кешкі уақытта «Ал сыйлықтар бола ма?..» атты еркін форматтағы кітап кеші өтеді. Сағат 16:30 бен 18:00 аралығында ұйымдастырылатын бұл басқосу кофе іше отырып, жайлы әңгіме өрбітуге негізделген. Кешке 18-40 жас аралығындағы жастар шақырылған. Қатысушылар өздерінің сүйікті кітаптарын ала келіп, оқыған шығармалары туралы ой бөлісе алады.

– Бұл кеш бізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – кітап оқуды насихаттау және оқырмандар арасында ашық, жылы әңгіме алаңын қалыптастыру. Қатысушылар қаласа, өз кітаптарын кітапхана қорына сыйға тарта алады, бірақ бұл міндетті емес, – дейді Н.В.Гоголь атындағы кітапхананың қорды толықтыру, құжаттарды өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Светлана Головко.

Сонымен қатар мереке қонақтары кітапхананың жұмысымен және кітап қорымен жақынырақ танысып, «Кітап – ең жақсы сыйлық!» атты арнайы фотоаймақта естелік суретке түсе алады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»