Құқығын білмеген – қорғансыз: LegalExpert.kz не ұсынады?
Қарағанды қаласындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы ғылыми технопаркте құқықтық көмек көрсетудің жаңа цифрлық форматы – LegalExpert.kz онлайн—сервисінің таныстырылымы өтті. Аталған платформа қарапайым заңгерлік кеңестерден бастап, күрделі сараптамалық қорытындыларға дейінгі қызметтерді қамтиды. Жоба академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің базасында әзірленген.
Жаңа цифрлық өнімнің басты мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың әділ сот пен сапалы заң көмегіне қолжетімділігін кеңейту. Құқықтық кеңес алу үшін енді уақыт пен қаржы жұмсап, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Бар болғаны интернетке қосылып, онлайн-сервиске жүгіну жеткілікті.
Таныстырылым барысында университет ректоры Нұрлан Дулатбеков жобаның әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, LegalExpert.kz – университет қабырғасында жасалған ғылыми әлеуеттің нақты қоғамдық сұранысқа жауап беретін нәтижесі.
– Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар аясында мұндай жобалардың маңызы арта түсуде. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының кіріспесінде ғылым, білім, мәдениет пен адами капиталды дамыту идеялары айқын көрініс тапқан. Бұл өз кезегінде ғылыми саланы дамытуға берік негіз қалыптастырып, университеттердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейтеді, – деді Нұрлан Дулатбеков.
LegalExpert.kz – тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істейтін тегін цифрлық құқықтық сервис. Платформа тек қарапайым азаматтарға ғана емес, кәсіби заңгерлер мен адвокаттарға да арналған. Жүйе заманауи жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген.
Сервис азаматтық, қылмыстық және әкімшілік-процестік құқық салалары бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді. Ең басты ерекшелігі – ұсынылатын жауаптар қолданыстағы заңнамаға ғана емес, нақты сот тәжірибесіне, ұқсас істер бойынша қабылданған сот шешімдеріне сүйене отырып қалыптастырылады. Сонымен қатар жүйе ықтимал құқықтық тәуекелдерді алдын ала көрсетіп, нақты жағдайда тиімді әрекет ету жолдарын ұсынады.
Платформа бастапқыда пилоттық режимде Қарағанды облысының тұрғындары үшін іске қосылған. Алайда жүргізілген талдау нәтижесінде сервиске еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті шетелден де пайдаланушылар тіркелгені белгілі болды. Қазіргі таңда LegalExpert.kz платформасын 5 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерген.
Таныстырылымға қатысушылар сервистің функционалын тікелей тестілеуден өткізіп, оның мүмкіндіктерімен жақын танысты. Олар жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңызын жоғары бағалап, цифрлық құқықтық құралдарды дамытуда мемлекеттік органдар, ғылыми орта және азаматтық қоғам арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Жоба халықаралық тәжірибеге негізделіп жасалған. Әлемнің көптеген елінде жасанды интеллектке сүйенген құқықтық сервистер Justice Gap, яғни халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал және шалғай өңірлердегі топтардың әділ сотқа қолжетімділігі арасындағы алшақтықты азайту мақсатында кеңінен қолданылады. Осы тәжірибені ескере отырып, зерттеу тобы алдағы уақытта шалғай ауылдық аймақтарға барып, тұрғындармен бетпе-бет құқықтық кеңестер мен түсіндіру кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама жобаның қамту аясын кеңейтіп, оның нақты әлеуметтік әсерін арттыруға мүмкіндік бермек.
Алдағы кезеңде платформаны одан әрі жетілдіру көзделген. Болашақта пайдаланушылар сот процесіне қатысу үшін қажетті құжаттарды сервис арқылы автоматты түрде қалыптастыра алады.
– Құжаттар автоматты режимде жасалатын болады. Пайдаланушы істің қазіргі мәртебесін – талапкер немесе жауапкер ретіндегі жағдайын көре алады. Жүйе істің мән-жайы мен қаралу сатысын ескере отырып, тиісті құқықтық қолдау ұсынады. Сонымен қатар платформада соттардың ресми сайттарына апаратын сілтемелер орналастырылады, – деді зерттеу тобының мүшесі Амантай Абдолла.
Қорыта айтқанда, LegalExpert.kz – цифрлық технология мен ғылымның тоғысында пайда болған, қоғам үшін нақты пайда әкелетін маңызды жоба. Бұл бастама еліміздегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың өз құқығын қорғау мүмкіндігін кеңейтуге елеулі үлес қоспақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

