Заң қызметтері қолжетімді болмақ
Қарағанды облысында әділет саласындағы цифрлық сервистер азаматтардың күнделікті өміріне терең еніп, құқықтық қызметтерді барынша қолжетімді етуге мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда өңірдің тұрғындары өз құқықтарын қорғауда және заңдық рәсімдерде едәуір жеңілдік алды: олар сенімхаттарды бейнебайланыс арқылы рәсімдеп, заңгерлік кеңестерді онлайн ала алады, сондай-ақ сот орындаушысына бармай-ақ өз берешектерін өтеу мүмкіндігіне ие. Бұл дегеніміз, енді азаматтар артық уақыт пен қаржылық шығындарға батпай, тек өз смартфондары немесе компьютерлері арқылы құқықтық мәселелерін шеше алады.
Өткен жылы Қарағанды облысында алты мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың басым бөлігі электрондық форматта жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш цифрлық технологиялардың халыққа қолжетімділігін және әкімшілік рәсімдердің жеңілдетілуін айқын дәлелдейді.
Цифрлық трансформация облыс әділет органдарының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыт азаматтар мен бизнестің әкімшілік рәсімдерге кететін уақытын азайтуға, бюрократиялық кедергілерді жеңілдетуге және жалпы қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Қарағанды облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Данияр Байділдиннің айтуынша, цифрлық қызметтерді енгізу арқасында әділет саласы халыққа дәлірек, жылдамырақ және тиімді қызмет ұсына алады. «Біз азаматтарға құқықтық көмек алу процесін мүмкіндігінше қарапайым етіп жасауға тырысамыз, бұл әсіресе шалғай ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін өте маңызды».
Цифрлық қызметтердің негізгі құралдарының қатарында E-ZanKomegi бірыңғай ақпараттық жүйесі мен Zan Komegi мобильді қосымшасы бар. Аталған платформалар азаматтарға қашықтан, соның ішінде бейнебайланыс арқылы да заңгерлік кеңес алуға мүмкіндік береді. Бұл сервистер құқықтық қызметтерді тұрғындарға олардың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан түсінікті әрі қолжетімді еткен.
– Енді азаматтар өз елді мекенінен шықпай-ақ барлық қажетті ақпаратты ала алады. Бұл процесс артық уақыт пен қаржылық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді, сондықтан қызметтер халыққа барынша ыңғайлы болды, – деді Данияр Байділдин.
Сонымен қатар өңірде онлайн нотариаттық қызметтер де қарқынды дамып келеді. «Е-нотариат» жүйесі арқылы тұрғындар сенімхаттарды, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың келісімдерін қашықтан рәсімдей алады. Қызметтердің қауіпсіздігі биометриялық сәйкестендіру, QR-қолтаңба және eGov Mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы қамтамасыз етілген. Бұл азаматтарға өз құжаттарын толық қауіпсіз жағдайда рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру да үлкен қарқынмен жүргізілуде. 2026 жылы «Сот орындаушы-робот» функционалы кеңейіп, жеңілдетілген цифрлық өндіріс аясында қаралатын әкімшілік айыппұлдар бойынша берешек шегі артты. Бұл өзгерістер әкімшілік айыппұлдарды өтеу процесін жылдамдатып, азаматтарға ыңғайлы болуын қамтамасыз етеді.
– Атқарушылық іс жүргізудің барлық кезеңдері, яғни іске қозғаудан бастап азаматтарды хабардар етуге дейінгі үдерістер толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Сонымен қатар СМС және eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар арқылы азаматтарға ақпарат жеткізіледі. Бұл тәсіл қаржылық жүктемені азайтып, қызмет көрсету мерзімдерін едәуір қысқартты. Мысалы сот орындаушы бес күн ішінде жауап беруге міндетті, ал кейбір басқа сервисте бұл процесс 20 күнге дейін созылуы мүмкін, – деп атап өтті Данияр Байділдин.
Сонымен қатар облыста «Құқық кабинеті» жобасы да сәтті іске асырылуда. Жоба аясында ауыл тұрғындары әкімдіктерде, мәдениет үйлерінде, мектептер мен кітапханаларда арнайы кабинеттер арқылы жергілікті жерде заңгерлік кеңес ала алады. Бұл кабинеттер eGov, e-Otinish, «Ашық НҚА», «Әділет» ақпараттық жүйелері және «Заң» дерекқорына қосылған, яғни барлық қызметтер бір орталықтан қолжетімді.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жұмыстары да жалғасуда. 2026 жылы Қарағанды облысында «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді» акциялары, тегін құқықтық көмек күндері, сондай-ақ ауылдық округтерде көшпелі кездесулер ұйымдастырылатын болады. Бұл шаралар тұрғындарға құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың күнделікті өмірінде кездесетін құқықтық мәселелерді шешуге көмектеседі.
Осылайша, Қарағанды облысында әділет саласындағы цифрлық сервистер халыққа тиімді, жылдам және қауіпсіз құқықтық қызметтер ұсынуда, бұл өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің заманауи талаптарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

