Жол бойындағы сервисті жақсарту: маусым алдындағы мониторинг
Қарағанды облысында туристік маусымға дайындық жұмыстары басталды. Өткен жылы өңірге 370 мың адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,5 есеге өседі деп күтілуде. Осыған орай, туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол бойындағы сервис нысандарына ерекше назар аударылуда.
Облыста қазіргі таңда 104 жол бойы сервисі жұмыс істейді. Биыл қосымша сегіз автожанармай құю станциясы мен бес санитарлық-гигиеналық торап салынады, сонымен қатар жаңа инфрақұрылымды дамыту үшін алты жер учаскесі бөлінген.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жұмыс істеп тұрған нысандарға мониторинг жүргізуге кірісті. Алғашқы тексеріс Қарағанды – Балқаш автожолында өткізілді. Комиссия құрамында кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, туризм басқармалары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және төтенше жағдайлар департаменттері, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілдері болды.
Басқарма басшысы Асқар Ғазалиевтің айтуынша, мониторинг тек формальды тексеру емес, нақты проблемаларды анықтап, оларды жоюға бағытталған:
– Біз туристік бағыттардағы жол бойы сервисінің жай-күйін, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, келушілерге арналған қызмет деңгейін бағалаймыз. Әр нысан бойынша нақты ұсыныстар беріледі, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді Асқар Ғазалиев.
Тексеру кезінде нысан иелеріне санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі, аумақты абаттандыру және жүргізушілер мен жолаушылар үшін базалық қызметтердің қолжетімділігі түсіндіріледі.
Кәсіпкерлік басқармада атап өткендей, бұл мониторинг туристік маусымға дайындықтың тұрақты элементіне айналады. Міндет – тексеру емес, Қарағанды облысын туристер үшін ыңғайлы әрі тартымды ету, жол бойындағы инфрақұрылымның сапасын арттыру.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

