Жәндіктерге жағдай жасалды

         Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары мен студенттері халықаралық экологиялық бастаманы қолдап, университет аумағында жәндіктерге арналған «қонақүй» ашылды. Қар ҰЗУ осындай экологиялық бастаманы іске асырған алғашқы отандық жоғары оқу орны болып отыр. Бұл жоба тек экологияны сақтау ғана емес, сонымен қатар студенттердің ғылыми зерттеу және тәжірибелік дағдыларын дамытуға да бағытталған.

Жәндіктерге арналған үйлердің басты мақсаты – олардың биологиялық әртүрлілігін сақтау. Ғалымдар мен студенттердің айтуынша, бүгінгі таңда жәндіктердің популяциясы табиғи ортаның өзгеруі мен адам қызметінің әсерінен күрт азайып келеді. Сондықтан осындай бастамалар маңызды. Олар табиғи экожүйені қолдайды және пайдалы жәндіктердің тіршілік етуіне мүмкіндік береді.

– Мұндай жобалар басқа елдерде де табысты жүзеге асырылған. Біз осы идеяны қабылдап, оны өз университетімізде енгізуді жөн көрдік. Жәндіктерге арналған үйлер әртүрлі ағаштан жасалған, олардың қабығы мен бүрлері ерекше дизайнмен ерекшеленеді. Мысалы жалғыз басты бал аралары осы үйлерде жұмыртқа сала алады, ал қатты қанатты қоңыздар табиғи баспанадағыдай қыстай алады. Сонымен қатар конструкциялар жасанды интеллекттің көмегімен зиянкестерге қолайсыз етіп жобаланған, бұл барлық бастаманың тек пайдалы жәндіктерді қорғауға бағытталғанын білдіреді, – дейді Buketov Insect Village жобасының жетекшісі Жанерке Блялова.

Жәндіктерге арналған «қонақ үй» биологиялық факультеттің аумағындағы гүлзарлармен қатар орналастырылды. Бұл студенттер мен оқытушыларға табиғи жағдайда қоңыздар мен бал араларын бақылауға мүмкіндік береді. Олардың тіршілік әрекеттерін зерттеу, табиғатпен қарым-қатынас жасау және экологиялық сананы арттыру – жобаның негізгі міндеттерінің бірі.

Бұдан бөлек, жобаны ғылыми мақсаттарда пайдалану жоспарлануда. Студенттер бақылау нәтижелеріне сүйене отырып дипломдық жұмыстарын жаза алады, ал ғалымдар ұзақ мерзімді мониторинг жүргізіп, жәндіктердің өмір сүру әдеттері мен экологиялық рөлін талдай алады. Бұл жобаның ғылыми әлеуеті өте жоғары. Ол экология, биология және аграрлық ғылымдарға қызығушылық танытқан студенттерге нақты тәжірибе береді.

Buketov Insect Village аумағы келушілер үшін ашық. Университет әкімшілігі барлық ниет білдірушілерге осы ортамен және оның кішкентай тұрғындарымен ұқыпты жұмыс істеуді, табиғатты қорғау ережелерін сақтауды ұсынады. «Қонақ үйдің» ашылуы студенттер мен оқытушыларға ғана емес, университет қонақтарына да қызықты көрініс ұсынып, табиғаттың нәзік экожүйесін өз көздерімен көруге, пайдалы жәндіктердің тіршілігін бақылауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қарағанды ұлттық зерттеу университеті экологиялық бастамаларды қолдауда және ғылыми ізденістерде көшбасшы бола отырып, тек білім беру саласында ғана емес, табиғатты сақтау бағытында да үлгі көрсетіп отыр. «Buketov Insect Village» жобасы – болашақ ұрпаққа табиғатты құрметтеуді, экологиялық жауапкершілікті және ғылыми ізденісті үйрететін тамаша бастама болып отыр.

Ералы ҒАНИ,

«QH»