Бір сахна – бір жүрек

Биыл «Батыл жүрек» инклюзивті би ұжымының құрылғанына 5 жыл толды. Осы атаулы датаға орай «Бір сахна – бір жүрек» атты мерейтойлық концерт ұйымдастырылды. Кеш көрерменге шынайы эмоция сыйлап, рух күшін, бірлік пен шабытты айқын көрсете білді. Сахнада әр жүректің соғысы бір арнаға тоғысып, өнердің шексіз мүмкіндігін дәлелдеген әсерлі шараға айналды.

«Батыл жүрек» – әрбір балаға сахнада өзін еркін танытып, қабілетін ашуға жол ашатын инклюзивті бастама. Қордың идея авторы әрі негізін қалаушы – Гаухар Акижанова. Бұл жобаның пайда болуына оның ерекше қажеттілігі бар баласының өмірлік тәжірибесі түрткі болды. 2020 жылғы 24 қыркүйекте Қарағанды қаласында бастау алған жоба бүгінгі таңда жүздеген баланың жүрегіне үміт ұялатып, болашаққа деген сенімін нығайтып келеді.
– Бүгін студенттердің келіп, қолдау білдіруі біз үшін аса маңызды. Бұл бастаманы көріп, оған атсалысып жүрген жастар болашақта қоғамда ерекше жандардың ортаға бейімделуіне өз үлестерін қосады деп сенемін. Ертең олар білікті маман ретінде қалыптасып, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге, оларға кәсіби тұрғыда көмек көрсетуге дайын болады деген үміт бар, – деді «Батыл жүрек» қоғамдық қорының үйлестірушісі Гаухар Акижанова.
Жоба шеңберінде адаптивті және инклюзивті спорт түрлерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, адаптивті тхэквондо, жүзу және бочча бағыттары бойынша секциялар жұмысын бастады. Сонымен қатар, бұл бастамаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдармен тығыз әріптестік орнатылған.
– Бұрын ол мүлде тіл қатпайтын, ал вокал үйірмесіне алғаш келгенде тек «Кузнечик» әнін ғана орындай алатын. Қазір болса, патриоттық әндерді де, балаларға арналған шығармаларды да еркін айтып жүр. Балалардың сахнаға шыққан сәті мен ата-аналардың шынайы қуанышын сөзбен сипаттау мүмкін емес. Оны тек осында келіп, өз көзіңмен көргенде ғана сезінесің. Камера арқылы бұл әсерді толық жеткізу де, терең түсіну де қиын. Бұл шын мәнінде ауқымды әрі жүрекке әсер ететін шара. Осындай игі іске үлес қосып жүрген барлық қайырымдылық қорлары мен олардың жетекшілеріне тек табыс тілеймін, –дейді ата-ана Айнагүл Әубәкірова.
Соңғы бес жыл ішінде «Батыл жүрек» жобасының тәрбиеленушілері «Қазақконцерт» пен Opera Arena сахналарында өнер көрсетіп, облыстық және қалалық деңгейдегі байқауларда лауреат атанып, өз жетістіктерін дәлелдеді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»