Балаларға жүрек емін МӘМС арқылы тегін алу мүмкіндігі артты
Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді ауруханада кардиохирургтер 13 жастағы қызға күрделі әрі сирек кездесетін операция жасады. Бұл – аурухана тарихында алғаш рет жоғарғы қуыс венаны кеңейтетін пластика қолданылған операция болды.
Бала 2025 жылғы 29 желтоқсанда ауруханаға түскен, ал операция 2026 жылғы 7 қаңтарда сәтті өткізілген. Диагноз – күрделі туа біткен жүрек ақауы: жүрекшелер аралық перденің ақауы және қосымша жоғарғы қуыс венамен қатар жүретін өкпе веналарының аномальды дренажы. Ақау спорттық тексеру кезінде кездейсоқ анықталған, кейін белгілер күшейіп, консервативті ем нәтижесіз болған соң хирургиялық араласу қажет болды.
«Өкпе веналарының аномальды қосылуын толық қалпына келтіру» операциясы жоғары технологиялық санатқа жатады. Мұндай хирургиялық араласу мамандандырылған орталықтарда ғана жасалады. №2 көпбейінді ауруханада соңғы 15 жылда бес операция жасалғанымен, жоғарғы қуыс венаны кеңейтетін пластика алғаш рет қолданысқа енгізілді.
– Бұл – балалар кардиохирургиясындағы ең күрделі операциялардың бірі. Біз жүрекке түсетін артық жүктемені жойып, қан айналымын қалыпқа келтірдік. Операция ойдағыдай өтті, баланың алдағы сауығу көрсеткіші жақсы, – дейді дәрігер-кардиохирург Ганибек Ақжанов.
Операциядан кейін бала кезең-кезеңімен оңалту курсынан өтті. Бақылау зерттеулері жүректің тұрақты жұмысын және патологиялық қан ағымдарының жоқтығын растады. Пациенттің жағдайы шығарылған кезде қанағаттанарлық деп бағаланды.
Айта кетерлігі, операция МӘМС аясында тегін жасалған, бұл отбасы үшін жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етті. Қыздың анасы дәрігерлерге деген сенім шешуші рөл атқарғанын атап өтті:
– Жүрекке операция қажет екенін естігенде қорықтық, бірақ дәрігерлер әр кезеңде егжей-тегжейлі түсіндіріп, қолдау көрсетті. Қызымызға толыққанды өмір сыйлағандары үшін бүкіл командаға алғысымыз шексіз, – дейді анасы.
№2 көпбейінді аурухана балалар кардиохирургиясын дамытуды жалғастырып, күрделі операциялық әдістерді енгізу арқылы МӘМС аясында балаларға жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуде.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараты негізінде

