Қарағанды өңірінде «Ауыл аманатының» жаңа бағыты белгіленді

Қарағанды облысында ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын 2026 жылы іске асырудың негізгі басымдықтары айқындалды. Бұл мәселелер өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен семинарда талқыланды. Бұл туралы Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, сондай-ақ ауыл кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында бағдарламаны іске асыру тетіктері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар ортаға салынды.

Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін қолдаудың тиімді құралдарының бірі ретінде өз маңызын сақтап отыр. «Сарыарқа» ӘКК» АҚ тәуекел-менеджері Әсет Ертісбаевтың айтуынша, 2023 жылы бағдарлама аясында 3,4 млрд теңге қаржыландырылып, 464 несие берілген. Ал 2025 жылы бұл мақсатқа қосымша 2 млрд теңге бөлінген. Ең жоғары белсенділік Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында байқалған.

Сонымен қатар ауылшаруашылығы кооперативтеріне бағытталған инвестиция көлемінің артуы тіркелген. Бұл ауылдық жерлерде бірлескен кәсіп жүргізуге деген қызығушылықтың өскенін көрсетеді.

Ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Тоқмырзин 2026 жылы қаржыландырудың негізгі кезеңі сәуір айына жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, басты назар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауыл сервистері мен туризмді дамытуға аударылады. Сондай-ақ моноқалалардағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау да басым бағыттардың қатарында.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, сауда-саттыққа, жеңіл автокөліктерді сатып алуға немесе жақын туыстардан мал алуға несие берілмейді. Қаржыландыруға ұсынылатын техника мен жабдықтардың барлығы жаңа болуы тиіс.

Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі мәселесі көтерілді. Бұл ретте «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдендіру мүмкіндігі бар екені түсіндірілді.

Жиын қорытындысында аграршыларға өтінімдерді дұрыс әзірлеу бойынша қосымша практикалық семинар өткізу туралы шешім қабылданды. Кеңес беру қызметтері Қарағанды облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының барлық аудандық филиалдарында көрсетіледі.