Адам құқығы – мемлекеттің басты құндылығы
Қазақстанның жаңа Конституциясының кіріспесінде адам құқықтары мен бостандықтары ел дамуының негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Конституциялық құжаттың 84 пайызы жаңартылып, мазмұны заман талаптарына сай толықтырылды. Негізгі заңда Қазақстан мемлекетінің берік іргетасы бірлік пен қоғамдық келісімге негізделетіні, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтау басты қағида ретінде бекітілді. Бұл өзгерістер елдегі әділеттілік пен татулықты нығайтуға бағытталған.
Заңнамада алғаш рет әділеттілік, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ табиғатты аялау қағидаттары нақты бекітілді. Елдің ұзақ мерзімді дамуының басты негізі ретінде адам капиталы айқындалып, білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға басымдық берілді. Цифрландыру жаңа мазмұндық бағытқа айналды. Конституцияда азаматтардың құқықтары цифрлық кеңістікте және жеке деректерді қорғау тұрғысынан заң жүзінде нығайтылды. Сонымен қатар, адам құқықтарына қатысты бөлім едәуір күшейтіліп, оны қамтамасыз ететін жаңа құқықтық тетіктер мен кепілдіктер енгізілді, соның ішінде уәкіл (қорғаушы) институтына арналған жеке бап қарастырылды.
– Қазақстан неке бұзылуы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Тәжірибе көрсеткендей, сот шешімдерінің шамамен 90 пайызында балалар анасының қамқорлығында қалады. Ал әкесімен бөлек тұру салдарынан бала мен әке арасындағы қарым-қатынас біртіндеп әлсірейді. Сондықтан Конституцияда баланың құқықтары, соның ішінде баланың әкесімен тұрақты әрі толыққанды қарым-қатынас жасау құқығы нақты бекітілуі қажет деп санаймын. Бұл норма заң деңгейінде айқын көрсетілуі тиіс, өйткені көптеген балалар әкесінің қатысуынсыз өсіп жатыр. Осыған байланысты 27-бапқа әкелердің, аналардың және балалардың тең құқықтылығы туралы арнайы ережені енгізу орынды болар еді, – дейді заңгер Марина Мұхтарова.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

