Жаңарған автобустар жолға дайын
Қарағанды қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның аясында қаладағы маңызды бағыттардың бірі – №29 автобус маршрутына жаңа автобустар шығарылды. Бұл жаңалықты қала тұрғындары көптен күткен еді. Себебі соңғы жылдары жолаушылар қоғамдық көліктердің тозығы жеткені, жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейтіні жөнінде жиі шағым айтып келген.
Осы мәселені шешу мақсатында жолаушы тасымалдаумен айналысатын компания автопаркті жаңарту туралы шешім қабылдап, жаңа автобустар сатып алды. Нәтижесінде №29 бағыттағы қоғамдық көліктер біртіндеп заманауи үлгілермен алмастырылып жатыр.
Жаңа автобустар отандық «СемАЗ» ЖШС кәсіпорнында шығарылған Dongfeng маркалы көліктер. Олардың жолаушылар сыйымдылығы – 45 адам. Экологиялық талаптарға сай Евро-5 класына жататын автобустар қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көліктердің барлығы кондиционерлермен және жылыту жүйелерімен жабдықталған, бұл жолаушыларға жыл мезгіліне қарамастан қолайлы жағдай жасайды.
Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Автобус салондарына бейнебақылау камералары орнатылған. Ал жолақыны төлеу үшін заманауи ONAY терминалдары мен QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін дамытуға және жолаушыларға ыңғайлы қызмет көрсетуге бағытталған.
– Автопарк 22 жаңа автобус сатып алды. Оның алғашқы жетеуі Қарағанды қаласына жеткізіліп, қазірдің өзінде №29 бағытта қызмет көрсете бастады. Қалған автобусты наурыз айының соңына дейін аламыз. Олар да осы маршрутқа жіберіледі. Нәтижесінде №29 бағыттағы автобус құрамы толықтай жаңартылады, – деді «Экспресс ИАА» ЖШС директоры Жарқын Оспанов.
Жаңа жылжымалы құрамның жеткізілуін ескере отырып, автопарктің жаңару деңгейі шамамен 95 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш қаладағы қоғамдық көлік сапасын арттыруға, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қарағандыда басқа да бағыттар бойынша қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасады деп жоспарлануда.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

