Орталық саябақтағы екінші көл толықтай жаңғыртудан өтті

Өткен жылдың күзінде Орталық саябақ аумағындағы екінші көлді тазалау және қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Су қоймасы түбіне дейін тазартылып, жағалау сызықтары нығайтылды. Сонымен қатар абаттандыруға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылды. Қалалық саябақтар басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта көл барлық техникалық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді.

Мамандардың айтуынша, екінші көлді сумен толтыру бастапқыда көктемге жоспарланғанымен, жұмыстар бұрын басталды. Қазір көл табаны таза, қосымша қоспаларсыз, іріктелген қар жиналып жатыр. Көл толық толып, су режимі тұрақталған соң, экожүйе кезең-кезеңімен қалыптастырылады. Балықтардың бір бөлігі бірінші көлден екінші көлге ауыстырылады. Бұл табиғи жолмен шлюз арқылы немесе қолмен жүзеге асады. Мұндай әдіс биологиялық тепе-теңдікті сақтап, екінші көлдің экожүйесінің тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

– Қоқыссыз және ешқандай қоспасыз тек таза, іріктелген қар екінші көлдің тостағанына тікелей жиналады. Көктемде қар белсенді ери бастағанда, пайда болған еріген су көлді толтырудың негізгі көзі болады. Қажет болған жағдайда, су деңгейін ұстап тұру үшін ұңғымалар арқылы қосымша су жіберу мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар, зоопаркпен келіссөздер жүргізілді. Жазда екінші көлдің айналасын қоршап, сол жерге үйректерді, қаздарды және павлиндерді орналастыру жоспарланып отыр, – деді Қарағанды қаласының мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінің бас инженері Әлібек Мұқашев.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»