ҚТЖ жастар мен 60 жастан асқан жолаушыларға теміржол билеттеріне жеңілдіктер ұсынады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылардың жекелеген санаттарына арналған жаңа жеңілдік тетіктерін іске қосты. Енді 60 жастан асқан азаматтар еліміз бойынша пойызбен 25 пайыздық жеңілдікпен қатынай алады.

Бұл мүмкіндік Ұлттық тасымалдаушының барлық пойызында жарамды QURMET дисконттық картасы арқылы жүзеге асады. Карта иелері купе, плацкарт және отыратын вагондарға орын санына шектеусіз билет сатып ала алады. QURMET картасының құны – 3 000 теңге, қолданылу мерзімі – сатып алынған күннен бастап бір жыл.

Сонымен қатар 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушылар үшін KETTIK33 дисконттық картасы енгізілді. Аталған карта барлық бағыт бойынша купе вагондарындағы жоғарғы орындарға және отыратын вагондарға билет алу кезінде 33 пайыздық жеңілдік ұсынады. Картаның құны – 3 000 теңге, жарамдылық мерзімі – бір жыл.

Аталған дисконттық карталар атаулы және үшінші тұлғаларға берілмейді. Картаны рәсімдеу тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның билет кассаларында, жолаушының жеке өзі келген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Ол үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және (қалауы бойынша) электрондық пошта мекенжайы қажет.

Дисконттық карталарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында билет сатып алу кезінде, сондай-ақ онлайн режимде тек bilet.railways.kz сайты арқылы пайдалануға болады. Ал екінші деңгейлі банктердің танымал сервистері арқылы билет рәсімделген жағдайда жеңілдік қолданылмайды.

Жеңілдіктер жыл сайын белгіленген кезеңдерде әрекет етеді. Алайда мерекелік және каникул уақыттарында дисконттық карталардың қолданылуы уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, жеңілдіктер мына мерзімдерде қолданылмайды:

2026 жылғы 20-29 наурыз аралығы;

2026 жылғы 25-30 желтоқсан аралығы;

маусым-тамыз айлары.

Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның Instagram желісіндегі ресми парақшасынан – @jolaushylar_tasymaly алуға болады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі