Әлеуметтік кәсіпкерлікке серпін: грант саны екі есе артты
Қарағанды облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар арасынан шыққан бастауыш кәсіпкерлерді қолдау жұмысы жүйелі түрде жалғасып келеді. 2026 жылы бұл бағыттағы мемлекеттік гранттардың саны едәуір ұлғайып, 510 адамға қаржылай қолдау көрсету жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Мемлекеттік гранттың біреуі үшін көзделген ең жоғары мөлшер – 400 айлық есептік көрсеткіш. Биылғы есеп бойынша бұл шамамен 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Қаржылай қолдау көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қоныс аударушылар мен қандастарға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға бағытталады.
Грант алу үшін үміткерлер конкурстық іріктеуден өтеді. Іріктеу барысында жобалардың әлеуметтік маңыздылығы, экономикалық тиімділігі, тұрақтылығы және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті басты назарға алынады. Бәсекеге қабілетті, қоғамға пайдасы бар бастамаларға басымдық беріледі.
Айта кетейік, 2025 жылы өңірде 225 кәсіпкер мемлекеттік грант иегері атанған. Сол қаржының есебінен тігін шеберханалары, әлеуметтік павильондар, ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ шығаратын цехтар, үй жағдайында жартылай фабрикат өндіру орындары, балалар ойын-сауық орталықтары, ет және сүт өнімдерін сататын дүкендер, аспаздық бағыттағы шағын кәсіпорындар, кілем тоқу студиялары, клинингтік қызметтер, жеткізу сервистері, табиғи морс өндіру және жедел тамақтану нысандары ашылды.
2026 жылы бұл бағыттағы қаржыландыру көлемін екі еседен астам ұлғайту көзделіп отыр. Гранттарды беру талаптары өзгеріссіз қалады: жобаның өзектілігі, әлеуметтік тиімділігі, рентабельділігі және тұрақты жұмыс орындарын құру мүмкіндігі басты өлшем болмақ.
Сонымен қатар бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүргізіледі. Грант иегерлері 12 айдан кейін міндетті мониторингтен өтеді. Соңғы тексерулер нәтижесінде 18 кәсіпкердің қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны анықталған.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

