Жастар мен полиция: бірлескен әрекет – қауіпсіз қоғам кепілі
Қарағанды облысындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалында өңірдің белсенді жастары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында жастардың қоғамдағы маңызы, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары, сондай-ақ есірткі қылмыстары мен «закладчиктер» әрекетіне қарсы күрес мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай шаралар жастар мен қоғам арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтып, құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Сарапшылар бұл кездесулердің жастарға тек құқықтық білім беріп қана қоймай, өмірде дұрыс таңдау жасауға және қоғамда өз орнын табуға мотивация беретінін атап өтті.
– Қазіргі таңда болашақ жастардың қолында. Осы саладағы жастардың ой-пікірін білу біз үшін маңызды болғандықтан, біз пікір алмасу ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсатымыз – жастардың ойын тыңдау және түсіну, – деді Қарағанды қаласының ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Әділ Елесбаев.
Кездесуге «JasQyzmet» жас көшбасшылар бірлестігі де қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл ұйым 17-ден 35 жасқа дейінгі, қоғам дамуына үлес қосуға ұмтылатын белсенді және өз пікірін білдіре білетін жастардан құралған. Қауымдастық құқық бұзушылық пен зиянды әрекеттердің алдын алу бағытында жобалар жүзеге асырады және қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады.
– Біздің белсенді жастар әртүрлі салаларда білім алады, олар этика деген не екенін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат қалай жүзеге асатынын, сондай-ақ заңнама мен депутаттардың жұмыс істейтін заң жобаларын үйренеді. Осы арқылы біз жастарды азаматтық белсенділікке баулимыз және олардың қоғамдағы өз орнын түсінуіне көмектесеміз, – дейді JasQyzmet» жас көшбасшылар бірлестігінің жетекшісі Ернар Ракишев.
Кездесу кезінде Полиция өкілдері жастарға заңсыз әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіріп, болашағына саналы шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және өз мүмкіндіктерін заңды түрде іске асыру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін айтты.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

