Өңір экономикасына жаңа дем
Қарағанды облысында өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған ірі индустриялық жобалардың бірі – алюминий кластерін қалыптастыру жұмыстары басталды. Аталған кластердің негізгі тірегі ретінде алюминий және биметалл жылыту радиаторларын өндіретін Silumin of Qazaqstan зауыты белгіленіп отыр.
Кәсіпорын «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынуда. Жобаның іске асу барысымен танысу мақсатында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңына арнайы жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысының айтуынша, жоба белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды түрде жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталған. Бүгінде зауытта технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы дайын өнімді көктем мезгілінде шығару жоспарланып отыр.
– Бұл – облыс үшін мүлде жаңа бағыттағы жоба. Алдағы уақытта осы өндірістің негізінде толыққанды алюминий кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Мұнда алюминий қалдықтарын қайта өңдеу, сондай-ақ тұрмыстық мақсаттағы түрлі дайын өнімдер шығарылады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Жоба толық өндірістік циклды қамтиды. ECG технологиясы бойынша алюминий сынықтары АДЦ-12 және АК-12М2 қорытпаларына өңделеді. Одан кейін радиатор секциялары жоғары қысыммен құйылып, механикалық өңдеуден, бояудан және міндетті сынақтардан өтеді.
Зауыт директоры Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, өндірісте қолданылатын технологиялар Италия мен Германияның жылу механикасы институттарымен бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижесінде әзірленген. Бұл өз кезегінде жоғары жылу беру деңгейіне ие, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Өндірісті дәл «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналастырудың да өзіндік артықшылықтары бар. Қарағанды облысы еліміздің орталығында орналасып, негізгі көлік-логистикалық бағыттарға жақын. Сонымен қатар өңірде білікті кадрлық әлеует қалыптасқан.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5,5 миллион радиатор секциясын құрайды. Алғашқы кезеңде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 30 маман арнайы оқытудан өтіп жатыр. Ұзақ мерзімді перспективада қызметкерлер саны 750 адамға дейін ұлғайып, шығарылатын өнім түрлері де кеңейтілмек.
Алюминий кластерін одан әрі дамыту алюминий технологиялары мен инжиниринг орталығының базасында жүзеге асырылатын болады. Бұл орталық бизнес, мемлекет және ғылым өкілдерін біріктіретін алаңға айналады. Жаңа технологияларды енгізу мен кадр даярлау жұмыстарына ғылыми-зерттеу институттары мен Қарағанды өңірінің жоғары оқу орындары тартылмақ.
Сонымен қатар облыс әкімі Solidcore Resources компаниялар тобына арналған геологиялық барлау сынамаларын зерттейтін заманауи зертхананың құрылыс барысымен танысты. Бұл зертхана өңірдегі өзге де өнеркәсіп кәсіпорындарына қызмет көрсететін болады.
– Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мұндай жұмыстар заманауи зертханаларсыз мүмкін емес. Бұл жоба бүгінгі талаптарға толық жауап береді, – деді өңір басшысы.
Аталған зертханада 160 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп, болашақ мамандарды даярлау жұмыстары басталған.
Бұдан бөлек, өңірде теміржол көлігіне арналған қосалқы бөлшектер мен доңғалақ жұптарын өндіретін зауытты іске қосу көзделуде. Кәсіпорынның құрылысы толық аяқталып, кірме теміржол желілерімен қамтамасыз етілген. Алғашқы өнімді шығару ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Тағы бір маңызды инвестициялық жоба – өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіретін зауыт. Қазіргі уақытта алғашқы кезең нысандарының құрылысы басталып, болашақта гербицидтер, фунгицидтер және өзге де агрохимиялық өнімдер шығару жоспарланып отыр.
– Бүгінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында бір мезетте бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвесторлар мемлекет тарапынан нақты қолдауды сезініп отыр. Жақын уақытта аймаққа табиғи газ жеткізіледі, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақты кеңейту жоспарда бар, – деп қорытындылады Ермағанбет Бөлекпаев.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

