Украина елшісі Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетімен танысты

Жұмыс сапары аясында Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Майко Қарағанды облысының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті. Ол өңірді Қазақстандағы жетекші өнеркәсіптік аймақтардың бірі деп бағалады. Сапар барысында дипломат «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барып, онда орналасқан ірі кәсіпорындардың қызметімен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Майко «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барып, тараптармен кездесу өткізді. Елшіге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы таныстырылып, қолданыстағы преференциялар мен мемлекеттік қолдау шаралары толық әрі жан-жақты түсіндірілді.

– Бүгін біз Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына қонақ ретінде келдік. Мұндағы басшылықпен кездесу өткізіп, жұмыс барысымен таныстым. Олардың тиісті талаптары мен ережелері туралы ақпарат алдым. Бұл аймақтағы кәсіпорындардың маңызды рөл атқаратынын байқадым, өйткені олар Қазақстанның өнеркәсібіне қажетті өнімдер шығарады. Кәсіпорындар ішкі нарыққа тапсырыстарды орындайды, сонымен қатар экспортқа да өнім жеткізеді екен, – деді Виктор Майко.

Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындарға да барып көрді. Ол «Polymet Solutions Corporation» ЖШС-нің жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Виктор Майко сондай-ақ «Бемер Арматура» және «Смит Орталық Азия» ЖШС кәсіпорындарын да аралап өтті. Елші компаниялардың өндірістік процесін өз көзімен көріп, қызмет барысын бақылады.

– Мақсатты бағыттар бойынша мені өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, металлургиялық кешен, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық технологиялар және минералдық ресурстар салалары ерекше қызықтырды. Себебі Қарағанды облысы өндіріс пен өнеркәсіптің дамыған өңірі болып есептеледі. Жалпы экономикалық көрсеткіштері бойынша аймақ Қазақстанда төртінші орынға ие, – дейді елші.

Құрметті қонақ ірі кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері мен ішкі жұмысын жоғары бағалады. Сапардың соңында ол тараптар мен аймақ басшылығына шынайы алғысын білдірді.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»