Құнарланған ұнның адам ағзасына пайдасы

Қазіргі таңда дұрыс әрі теңгерімді тамақтану- адам денсаулығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі. Осы тұрғыда күнделікті тұтынатын тағам өнімдерінің сапасына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Солардың ішінде құнарланған (байытылған) ұнның маңызы зор. Құнарланған ұн — құрамына адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдар қосылған ұн түрі.

Құнарланған ұн дегеніміз не?

Құнарланған ұн — өңдеу барысында жоғалатын пайдалы заттардың орнын толтыру үшін темір, фолий қышқылы, В тобының дәрумендері (В1, В2, В3), кейде мырыш пен кальций қосылған ұн. Бұл тәсіл көптеген елдерде халық денсаулығын жақсарту мақсатында кеңінен қолданылады.

Ағзаға тигізетін негізгі пайдасы:

  1. Қаназдықтың алдын алады.

Құнарланған ұн құрамындағы темір қан құрамындағы гемоглобин деңгейін қалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Темір жетіспеушілігі салдарынан пайда болатын қаназдық (анемия) әсіресе балалар мен әйелдер арасында жиі кездеседі. Байытылған ұнды тұрақты тұтыну бұл мәселенің алдын алуға септігін тигізеді.

  1. Жүйке жүйесін нығайтады.

В тобының дәрумендері жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін өте маңызды. Олар шаршауды азайтып, есте сақтау қабілетін жақсартады, күйзеліс пен ашушаңдықтың төмендеуіне ықпал етеді.

  1. Ана мен бала денсаулығын қорғайды.

Фолий қышқылы жүкті әйелдер үшін аса қажет. Ол ұрықтың дұрыс дамуына, туа біткен кемістіктердің алдын алуға көмектеседі. Құнарланған ұнды тұтыну арқылы фолий қышқылын табиғи жолмен алуға болады.

  1. Иммунитетті күшейтеді.

Ұн құрамына қосылатын дәрумендер мен минералдар ағзаның қорғаныш қабілетін арттырып, жұқпалы ауруларға қарсы тұруына көмектеседі.

  1. Энергия көзі.

Құнарланған ұннан жасалған тағамдар ағзаға қажетті энергия беріп, күнделікті белсенділікті арттырады. Әсіресе физикалық және ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдар үшін пайдалы.

Құнарланған ұн – денсаулыққа пайдалы әрі қолжетімді өнім. Оны күнделікті тағам рационына қосу арқылы көптеген дәрумендер мен минералдардың тапшылығының алдын алуға болады. Сондықтан сапалы, құнарланған ұнды таңдау – өз денсаулығыңызға жасалған маңызды қадам.

 

Қарағанды қаласы

Қазыбек би атындағы ауданының

 санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау басқармасы

 басшысының м.а. Б.Е.Абжанов,

бас маманы  Ж.Т.Аюпова