Заң және Кейс-Times
Қарағанды қаласында қала мектептерінің оқушылары арасында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң және Кейс-Times» атты интеллектуалды құқықтық ойын ұйымдастырылды. Шара Қарағанды қаласының білім бөлімі мен Әлихан Бөкейхан ауданы полиция бөлімінің қолдауымен, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өтті.
Аталған ойын қала мектептері арасындағы «Құқық бұзушылықтың алдын алу» жоспарына сәйкес, «Заң және тәртіп» жобасы мен «Құқықтық навигатор» апталығы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің құқықтық білімін арттыру, заң талаптарын күнделікті өмірде дұрыс қолдана білуге үйрету, сондай-ақ олардың сыни ойлау қабілеті мен нақты шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру.
Интеллектуалды сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – Quiz құқықтық сағаты. Бұл кезеңде қатысушылар «Қазақстан Республикасының Конституциясы» және «Жасөспірімдер құқығы» тақырыптары бойынша 100-ден 500 балға дейінгі сұрақтардан құралған ұяшықтарды таңдап, білімдерін сынға салды. Дұрыс жауаптар командалар қоржынына ұпай болып қосылды.
Екінші кезең – «Кейс-Times», яғни құқықтық жағдайаттарды талдау болды. Әр командаға бір нақты кейс ұсынылып, оқушылар құқық бұзушылыққа қатысты жағдаяттарды топ болып талқылады. Заң нормаларына сүйене отырып, өз шешімдерін негіздеп, дәлелдей білді.
Ал үшінші кезең – «Ойталқы». Бұл бөлімде қатысушылар ұлы тұлғалардың нақыл сөздерін өмірмен байланыстырып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сайыс барысында оқушылар тек құқықтық білімдерін ғана емес, сонымен қатар ойлау қабілеті мен шешендік шеберліктерін де көрсете алды.
Командалардың өнерін бағалаған қазылар алқасы жауаптардың заң талаптарына сай болуы, ойдың дәлелділігі және сөйлеу мәдениетіне ерекше назар аударды. Шара барысында сөз алған аға инспектор, полиция майоры Айнұр Жошина құқықтық білім берудің маңыздылығына тоқталды.
– Әрбір оқушы өз құқығын білуге тиіс. Балаларға құқықтық білім берудің тиімді жолдарының бірі – интеллектуалды ойындар. Мұндай форматта оқушылардың қызығушылығы артып, өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінеді. Ойын арқылы алынған білім есте жақсы сақталады. Осы шараға қатысқан әрбір оқушы өзіне қажет көптеген мағлұмат алды деп сеніммен айтуға болады. Алдағы уақытта да тәрбиелік мәні зор осындай шаралар жалғасын тапса игі, – деді ол.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Жақып Ақбаев атындағы мектептің оқушылары жүлделі бірінші орынды иеленді. №65 орта мектеп командасы екінші орынға табан тіресе, Жұмабек Тәшенов атындағы мектептің оқушылары үшінші орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар №61 мектеп пен №14 мектеп-гимназиясы командалары сертификаттармен марапатталды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыға Қарағанды қаласының білім бөлімі атынан І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, алғысхаттар табысталды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

