Әр бала – жеке жауапкершілік
Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасын табуда. Өңір прокуратурасының бастамасымен арнайы алгоритм әзірленіп, бұл маңызды әлеуметтік мәселе облыс әкімдігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында жан-жақты талқыланды.
Жаңа тәсілдер ең алдымен тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және білім беру ұйымдары, ата-аналар мен салалық мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Бастама «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл тұжырымдамада адам өмірі мен қауіпсіздігі абсолютті басымдық ретінде қарастырылады.
Облыс мектептері мен колледждерінде балалардың өмірі мен психологиялық саулығын қорғауға арналған арнайы алгоритм енгізілді. Аталған құжат педагогтерге оқушылардың мінез-құлқындағы алаңдататын белгілерді дер кезінде байқауға және дұрыс әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Алгоритм тәуекел туындаған жағдайда сынып жетекшілерінің, кураторлардың, білім беру ұйымдары әкімшілігінің және мектеп психологтарының нақты іс-қимыл тәртібін айқындайды. Оның негізінде проблемаларды ерте анықтау, балаға мұқият көзқарас, құпиялылықты сақтау және әрекетсіздікке жол бермеу қағидаттары жатыр, – деді Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Айжан Оразбекова.
Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер өз ішкі күйзелісі мен қорқынышын жалғыз өткермеуі тиіс. Қайғылы жағдайларға алып келетін негізгі себептердің қатарында ата-ана назарынан тыс қалу, отбасындағы тұрақсыз ахуал, жалғыздық сезімі, алғашқы махаббаттағы сәтсіздік, сондай-ақ жақын адамынан айырылу секілді ауыр психологиялық факторлар бар.
Осыған байланысты өңірдегі білім беру ұйымдарында алдын алу жұмыстары күшейтілген. Қазіргі таңда мектептерде «Көңіл күй күнделігі» енгізіліп, мобильді қосымшалар арқылы балалардың эмоционалдық жағдайын бақылау және тәуекел белгілерін дер кезінде анықтау жүргізілуде. Сонымен қатар Психикалық қолдау орталығы мамандарға арналған модульдік оқыту бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама әр балаға жеке көзқарас қалыптастыруға және күрделі жағдайларда тиімді шешім қабылдауға бағытталған.
Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және профилактикалық есепте тұрған 23 мыңнан астам оқушы тұрақты патронажбен қамтылып отыр. Бұл балалармен жүйелі түрде психологтар, әлеуметтік педагогтер және сынып жетекшілері жұмыс жүргізуде.
Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев педагог-психологтар тапшылығы мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен меморандум жасалып, мамандарды даярлау жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар облыс әкімі гранттары есебінен де кадрлар дайындалуда. Қазіргі уақытта орталық деңгейде педагог-психологтардың жалақысын арттыру мәселесі қарастырылуда.
Ведомствоаралық комиссия отырысында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңның негізгі нормалары да түсіндірілді. Құжатта кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жаңа тетіктер қарастырылған.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
– Оң нәтижелер бар, алайда мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Барлығымыз бекітілген алгоритмге сәйкес бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке басқарма құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Тәуекел аймағындағы әрбір бала үшін бәріміз жеке жауапкершілік арқалаймыз. Өзара іс-қимылды нақты жолға қойып, қосымша шаралар қабылдау қажет, – деді өңір басшысы.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

