Тексеру комиссиясы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселесін талқылады
Биылғы 16 қаңтарда Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы білім саласындағы ең сезімтал бағыттардың бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен әлеуметтік бейімдеуге бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін талқыға салды. Дөңгелек үстел жұмысына Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Г.М. Төленова, мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Л.Ю. Панкратова, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Д.Ш. Жекебаев, оның орынбасары Л.Д. Буравко, сондай-ақ білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелерінің, БАҚ өкілдері қатысты.
Тексеру комиссиясының мүшесі Гүлмира Төленова атап өткендей, соңғы жылдары облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны айтарлықтай өскен. Дегенмен, мемлекеттік қолдау шаралары бұл сұранысты толық өтей алмай отыр. Мәселен облыста арнайы мекемелер желісі кеңейгенімен, балалардың нақты диагнозы мен мекемелердің бейіні арасында үлкен теңгерімсіздік бар. Әсіресе, психикалық дамуы тежелген және сөйлеу қабілеті ауыр бұзылған бүлдіршіндерге мамандандырылған көмек алу өте қиын болып қалуда.
Аудит нәтижелері көрсеткендей, ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация), оңалту орталықтары мен аутизмі бар балаларды қолдау орталықтарында кезек өте көп. Бір қызығы, кейбір мекемелерге күш түсіп, шамадан тыс жүктелсе, кейбірі бос тұр. Бұл – ресурстарды жоспарлаудағы қателіктердің салдары. Оның үстіне, аудандардағы көмектің қолжетімділігі облыс орталығымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Ең қауіпті тенденцияның бірі – кадр мәселесі. Соңғы үш жылда арнайы білім беру ұйымдарындағы бос жұмыс орындарының саны 50%-ға өскен. Дефектологтар, логопедтер мен психологтардың жетіспеушілігі балаларға берілетін көмектің сапасын тікелей төмендетіп отыр. Маман болмаса, ең заманауи ғимараттың да құны жоқ екені жиында баса айтылды.
Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев бастаған жауапты тұлғалар қатысып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша атқарылатын шаралармен бөлісті. «Сұрақ-жауап» форматында өткен интерактивті диалог барысында заңнамалық өзгерістер мен алдағы міндеттер айқындалды.
Тексеру комиссиясы мен білім басқармасының бұл кездесуі құрғақ есеп беру емес, нақты мәселені шешуге бағытталған сындарлы қадам болды. Өйткені, әрбір цифрдың артында бала тағдыры тұр. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу – тек бір ведомствоның емес, тұтас қоғамның міндеті. Бюджет қаражатының әр тиыны нақты баланың қажеттілігіне, білікті маманның жалақысына және сапалы оңалтуға жұмсалуы тиіс. Тексеру комиссиясының бұл аудиті – саладағы «жүйелі ауруларды» емдеудің алғашқы қадамы.
Қарағанды облысы бойынша тексеру
комиссиясының ақпараты негізінде
