Заң мен тәртіп, адалдық пен даму – ел болашағының берік негізі

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелерге жан-жақты тоқталды. Қызылорда жерінде өткен бұл жиында айтылған әрбір ой қоғам үшін де, мемлекеттік басқару жүйесі үшін де айрықша мәнге ие.

Президент ең алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төңірегіндегі ахуалға назар аударды. Бұл салада орын алып отырған алаяқтық әрекеттер мен қаржының талан-таражға түсуі – жай ғана экономикалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қатер. Осындай жағдайда жүйеде адал еңбек етіп жүрген жедел жәрдем қызметкерлері мен фельдшерлердің жұмысы ерекше құрметке лайық. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің адалдығына деген талапты күшейту – бүгінгі күннің өзекті міндеті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық циклдың іске қосылғанын, экономиканы әртараптандыруға бағытталған тың шешімдер қабылданып жатқанын атап өтті. Әуе қатынастарын дамыту, жаңа халықаралық рейстер ашу – тек экономикалық өсімге ғана емес, Қазақстанның ашық әрі сенімді мемлекет ретіндегі беделін арттыруға қызмет етеді. Еліміз арқылы өтетін халықаралық транзиттік маршруттарды тиімді пайдалану – Қазақстанның әлемдік көлік-логистикалық жүйедегі орнын нығайтатын маңызды фактор. Автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл батыс пен шығысты байланыстыратын транзиттік дәліз рөлін күшейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы қатынасты жақсартады. Қызылорда–Жезқазған автожолының бір бөлігінің аяқталуы, Ұлытау облысындағы 400 шақырымға жуық жолдың жыл соңына дейін толық ашылуы – ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың нақты нәтижесі. Биыл басталатын жаңа жобалар ел дамуына тың серпін беретіні анық. Президент қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Осыған сай заңнамалық өзгерістер де уақыт талабына жауап беруі тиіс. «Заң мен тәртіп – бәріне ортақ» деген қағида әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажет. Заңды сақтау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет басшысының отбасы мен неке институтын нығайту туралы пікірі де өте өзекті. Берік отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана ұран емес, күнделікті еңбекті, тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін өмір салты. Тазалықтың тәртіпті күшейтетіні, тәртіптің жауапкершілікті арттыратыны – жас ұрпақтың санасына сіңірілуі тиіс маңызды қағида. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу туралы ұсыныс – ұлттық руханиятымызды әлемге танытудың жарқын көрінісі. Бұл бастама қазақ халқының ой-танымын, рухани құндылықтарын жаһандық деңгейде дәріптеуге жол ашады. Қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайда айтылған Президенттің ой-тұжырымдары – еліміздің тұрақты дамуына, әділетті қоғам құруға бағытталған нақты бағдар. Осы міндеттерді жүзеге асыру жолында әрбір азамат, әрбір мемлекеттік қызметші өз жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Тек сонда ғана біз өркениетті, ілгері дамыған Қазақстанды бірге құрамыз.

Меруеш БАШАЙ,   

 «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен

«Отандастар қоры» КеАҚ Қарағанды облысы бойынша

фронт-офис басшысы,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты