«Таза Қазақстан» акциясының пайдасы
Қарағанды облысында өткен жылы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды. Аймақ аумағында 580 заңсыз қоқыс алаңы жойылып, 135 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар 125 су айдынының жағалауы тазартылып, табиғи нысандардың санитарлық жағдайы жақсарды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңір тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Шараларға 130 мыңнан астам адам қатысып, 9 мыңға жуық ұйым мен кәсіпорын атсалысты. Нәтижесінде облыс бойынша 250 саябақ пен гүлзар ретке келтіріліп, 500-ден астам тарихи-мәдени мұра нысаны жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, елді мекендерде мыңдаған ағаш пен көпжылдық гүл отырғызылды.
Жалпыұлттық жобаның қорытындысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаралды. Жиында жасыл желектерді есепке алу және цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды. Аталған мақсатта Greenmap атты арнайы цифрлық сервис әзірленіп, оның көмегімен облыс аумағындағы 1,8 миллион жасыл желек базаға енгізілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, өңірде қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға басымдық берілуде. Саябақтар, жағалаулар мен аллеяларды абаттандыруға бағытталған бірқатар жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Аймақтың сәулеттік келбетін жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Облыс бойынша 169 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жаңартылды. Қарағанды, Балқаш және Шахтинск қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 125 контейнер алаңы салынып, екі мыңға жуық жаңа контейнер орнатылды.
Теміртау қаласында экологиялық жағдайды жақсартуға арналған жол картасы жүзеге асуда. Қоршаған ортаға зиян келтіретін өндірістік шығарындыларды азайту бойынша нақты шаралар қабылданған. Қала әкімі Ғалым Әшімовтің сөзінше, негізгі бағыттардың бірі – металлургиялық кәсіпорындарды кезең-кезеңімен табиғи газға көшіру, тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту және заманауи технологияларды енгізу. Қазіргі уақытта Qarmet компаниясының домна цехы толықтай газ отынына көшкен, ал парақтау өндірісіндегі әдістемелік пештерде газ қолдану басталған. Сонымен қатар, қаладағы жеке секторды газдандыру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз қоқыс орындарын жою және контейнер алаңдарын жаңарту жалғасуда.
Балқаш қаласында тұрғындар мен туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық беріліп отыр. Мұнда 350 гектар аумақ тазартылып, 17 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қалада жаңа контейнерлер мен қоқыс жәшіктері орнатылып, тұрғын аулалар жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, бейнебақылау камералары көбейтіліп, аялдамалар мен жарықтандыру жүйелері жаңғыртылды.
Абай және Балқаш қалаларында қоқысты сұрыптау желісімен жабдықталған қатты тұрмыстық қалдық полигондары салынды. Осындай заманауи нысандарды Бұқа жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында да тұрғызу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы уақытша шара емес, ұзақ мерзімді экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама.
– Бұл акцияның түпкі мақсаты – қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру. Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның табиғатқа деген құрметінен басталады. Осындай игі бастамаларға жеке қатысу арқылы біз табиғи байлығымызды болашақ ұрпаққа аман жеткізуге өз үлесімізді қоса аламыз, – деді аймақ басшысы.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


