Өңірімізде өндіріс қарқыны артып келеді: «Сарыарқа» АЭА аясында жаңа жобалар іске асуда
Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі өнеркәсіптік әлеуетті дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстармен танысты. Сапар барысында сенатор «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында болып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
2011 жылы металлургия және метал өңдеу салаларын дамыту мақсатында құрылған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы бүгінде өңір экономикасының маңызды тірегіне айналып отыр. Қазіргі уақытта аймақ қызметінің ауқымы едәуір кеңейіп, оған 37 жаңа қызмет түрі енгізілген.
Бүгінгі таңда АЭА аумағында 14 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр, ал тағы тоғыз инвестициялық жоба іске асыру сатысында. Аймақ құрылғаннан бері тартылған инвестиция көлемі 219 млрд теңгеден асып, 1 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
Кездесу барысында Қарағанды облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов Мемлекет басшысының инвесторларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жаңа инвестициялық стратегия әзірленіп жатқанын атап өтті.
– АЭА аумағын субаймақтар арқылы кеңейту жоспарланып отыр. Осыған байланысты қызмет түрлерін ұлғайту қажет. Әсіресе әуежай қызметіне қатысты 12 жаңа бағытты қосу ұсынылуда. Олардың қатарында көлік және логистикалық қызметтер, жүк тасымалы, қонақүйлер салу, авиациялық жанармай сату сынды бағыттар бар. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың құрылымын күшейту маңызды. Түркістан, Астана, Алматы қалаларындағыдай инвестиция тартумен айналысатын жеке бөлімшелердің болғаны тиімді, – деді ол.
Жиын барысында жаңа өндіріс орындарын ашуға тікелей әсер ететін энергия қуаттарының жеткіліктілігі мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері де кеңінен қозғалды.
Өз кезегінде Сенат депутаты Серік Өтешов туындаған түйткілдерді заңнамалық тұрғыда шешуге дайын екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы өнеркәсіп пен басқа да салаларға инвестиция тартудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Біз, депутаттар, құқықтық кедергілерді жоюға және қажетті өзгерістерді енгізуге өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз, – деді сенатор.
Кездесу қорытындысында көтерілген ұсыныстар мен проблемалық мәселелер жинақталып, оларды алдағы уақытта Үкімет деңгейінде қарау жоспарланып отыр.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»
Фото: Александр Марченко


