Президент сұхбаты – өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыты
Қазақстан Республикасы Президентінің сұхбатына қатысты талқылаулар әлі де жалғасуда. Қарағанды облысындағы кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері бұл сұхбатта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды басымдықтар нақты көрсетілгенін атап өтті. Кәсіпкерлердің пікірінше, Мемлекет басшысы бизнесті қолдау тетіктеріне, салық жүйесін жетілдіруге және тарифтік саясатты реттеуге ерекше көңіл бөлген. Бұл бағыттар өңірлік кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.
Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлік саланың әлеуетін күшейтуге бағытталған. Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері Президент айқындаған басымдықтар алдағы уақытта бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырып, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл бастамалар кәсіпкерлік ортаның дамуына серпін беріп, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара сенім мен тиімді әріптестікті нығайтуға берік негіз қалайды.
– Үкіметтің халықтың бірқатар өзекті мәселесін елемей отырғаны байқалады. Себебі елді толғандыратын сұрақтар аз емес. Салық кодексіндегі өзгерістер, тариф мәселесі, Қаңтар оқиғасының нәтижелері – бұлардың барлығы қоғам үшін аса маңызды әрі күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыптар. Алайда осы мәселелерге қатысты нақты әрі жаңа шешімдер әлі де жеткіліксіз. Байқағаным, Президенттің берген жауаптары да бұрынғы ұстанымынан айтарлықтай өзгермеген. Ол екі-үш жыл бұрын қандай жауап айтса, қазір де сол бағытта жауап беріп отыр. Яғни Президент өз позициясын сақтап қалды, ұстанымынан айныған жоқ, бірақ қоғам күткен жаңашылдық пен нақты нәтижелер әлі де толық көрініс таппай келеді, – дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы ҚБ атқарушы директоры Серік Санаубаев.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


