Қарағанды цифрлық дәуірге қадам басуда
Қарағанды облысында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу бағытында бірқатар пилоттық жоба іске қосылып, сынақтан өтіп жатыр. Соның ішінде қаладағы бейнедомофондар арқылы іздеуде жүрген адамдарды анықтау, жол апатысыз интеллектуалды қиылыстар жүйесін енгізу және Apple Store философиясына негізделген жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) бар. Бұл жобаларды табысты сынақтан өткізгеннен кейін, оларды ел көлемінде кеңейту жоспарланып отыр. Осы мәселелер ҚР Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің қатысуымен өткен жиында талқыланды.
Жиында телекоммуникация мен киберқауіпсіздікті дамыту, IT-хабтардың жұмысы, ХҚКО реформасы, сондай-ақ smart-city және smart-өңірлер жобаларының жүзеге асуы басты тақырып ретінде қаралды. Мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және барлық саланы толық цифрландыру міндеті қойылған. Қарағанды облысы қазіргі таңда жаңа технологияларды тәжірибелік тексеруден өткізетін пилоттық алаңдардың бірі болып отыр. Мұнда қоғамдық қауіпсіздік, көлік, қалалық инфрақұрылым және деректерді басқару саласында нақты уақыт режимінде цифрлық шешімдер қолданылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйенің негізін 4 мың бейнебақылау камерасы құрайды. Оған жылдамдық өлшегіштер, интеллектуалды қиылыстар және смарт жаяу жүргінші өткелдері қосқанда, барлығы 180 аппараттық-бағдарламалық кешеннен тұрады. Қарағанды мен Теміртауда 22 «Аргус-жаяу жүргінші» кешені жұмыс істеп, нейрожелі арқылы жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы автоматты түрде тіркеліп, материалдар полицияға жіберіледі. Осы жүйе орнатылғаннан кейін аталмыш учаскелерде жаяу жүргіншілер қатысатын жол апаты тіркелмеді, бұл жүйенің тиімділігін дәлелдейді.
Сондай-ақ аймақта бет-әлпетті тану жүйесі де дамып келеді. Ол ІІМ мен КИРЭБ іздеу базаларымен біріктірілген.
– Аймақта бет-әлпетті тану функциясы бар шамамен 100 камера жұмыс істейді. Өткен жылы олар 268 іздеуде жүрген адамды анықтады. Бастапқыда камералардың көбісі тек жалпы бейнебақылауға арналған, сондықтан бет-әлпетті тануда ауқымды нәтиже бере алмады. Осы мәселені шешу үшін қаладағы бейнедомофондарды қолдану ұсынылды. Пилоттық жоба екі тұрғын үй кешенінде іске қосылды және биыл оны қоғамдық қауіпсіздікті тиімді әрі үнемді күшейтудің жылдам тәсілі ретінде кеңейту жоспарлануда, – деді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да айтарлықтай өзгерістер көзделуде. ХҚО-лардың философиясын түбегейлі өзгертіп, процесске емес, нәтижеге шоғырланған жаңа модель енгізіледі. Осы жаңалықтарды «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев таныстырды.
– Азамат қызмет алу үшін емес, өз өмірлік жағдайын шешу үшін келуі керек. Көп жағдайда бұл қызмет оператордың қатысуынсыз, өздігінен жүзеге асады. Жаңа модельдің басты элементі – AlemGPT негізіндегі өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары, қарапайым және көпшілік қызметтерді қолжетімді етеді, – деп атап өтті ол.
Күрделі сұраулар үшін Egov 3.0 планшеттері, цифрлық ассистенттер мен биометриялық жүйелер, сондай-ақ негізгі мемлекеттік жүйелерге қолжетімді жұмыс орындары қарастырылған. Жаңа цифрлық кеңселерде қызмет көрсету аймақтары, кеңесшілер, өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары, ақпараттық экрандар, жұмыс орындары және постоматтар жұмыс істейтін болады. Бұл орталықтар арқылы азаматтар жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, білім туралы құжаттар, апостильденген құжаттар және азаматтық хал актілерін ала алады. Нәтижесінде, ХҚКО-ларға қайта жүгіну саны азаяды.
Аймақтық және елордалық деңгейде жүзеге асырылып, басқа өңірлерге ауқымдандыруға ұсынылған жасанды интеллект қолданылатын жобалар жеке таныстырылды.
– Биыл цифрландыру мен ЖИ-ден күтілетін нәтиже ерекше жоғары, және оның барлығы үшін қажетті жағдай жасалған. Елде суперкомпьютерлік қуаттар, білім беру бастамалары және деректермен жұмыс жасауға бағытталған жүйелі тәсілдер бар. Бұл орталық, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы жүйелі өзара әрекеттестікке негіз болып отыр, – деді Жаслан Мәдиев.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтағы цифрландыру жұмыстарының жалғасатынын атап өтті.
– Барлық ұсынылған шешім мұқият қаралып, іске асырылатын болады. Бірлескен жұмыс халықтың өмір сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


