Автобустағы кітапхана

Қарағанды қалалық автобустарында орнатылған QR-кодтар арқылы 30 мыңнан астам тұрғын жол үстінде электронды кітап оқыған. Қала әкімдігінің мәліметінше, «Жол үстіндегі кітапхана/Книги в дорогу» жобасы 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді.

Жоба аясында қоғамдық көліктерге қойылған QR-кодтар жолаушыларға қазақ, орыс және шетел әдебиетінің таңдаулы шығармаларын тегін оқуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда QR-кодтар 13 бағытта жүретін 60 автобусқа енгізілген.

Электронды кітап қоры үш бөлімнен тұрады. Онда Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Абай Құнанбайұлының «Ескендір», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» сияқты белгілі туындылары бар. Жалпы алғанда, жоба аясында 40-тан астам шығарма қолжетімді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының электронды кітапханасы деректеріне сәйкес, QR-кодтар арқылы кітаптарды қарау саны 30 915-ке жеткен. Ең көп оқылған шығарма – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясы».

Қала әкімдігі бұл бастама қоғамдық көлікті тек қатынас құралы емес, оқуға ынталандыратын рухани кеңістікке айналдыруды көздейтінін атап өтті.