«Сөзжасам» жобасы
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Қарағандыда тың жоба қолға алынды. Тілдерді дамыту орталығы алғаш рет «Сөзжасам» жобасын ұйымдастырып, оның аясында ғылыми терминологияны қазақшалау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Қазан айында басталған бағдарлама барысында бірқатар ғылыми ұғымға қазақ тілінде балама ұсынылды. Жобаның қорытындылары арнайы өткен дөңгелек үстел отырысында сараланып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
«Сөзжасам» пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Бұл бастаманы іске асыру үшін филология, лингвистика және журналистика саласындағы тәжірибелі мамандардан арнайы сарапшылар тобы жасақталды. Тіл жанашырлары «Өнеркәсіптегі бір күн» шарасы аясында Қарағанды облысындағы өндірістік нысандарды аралап, жұмысшылармен және сала ардагерлерімен жүздесті. Кездесулердің негізгі мақсаты – өндіріс саласында қолданылатын техникалық терминдерге қазақ тілінде балама ұсыну.
– Ірі кәсіпорындар көп шоғырланған Қарағанды өңірі үшін «Сөзжасам» бастамасының маңызы зор. Жоба өндіріс, IT, инженерия секілді салада пайда болып жатқан жаңа ұғымдарға қазақ тілінде атау беріп, тілдің сөздік қорын кеңейтуді мақсат етеді. Бұл ретте көзделгені тек жаңа терминдер ұсынумен шектелмей, оларды өнеркәсіп пен ғылым саласында жүйелі түрде қолдану мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ортақ тілдік бірізділікті орнықтыру. Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін сарапшылар құрамына журналистер де тартылды, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
– Алға қойған негізгі мақсатымыз – ғалымдар, лингвистер және журналистердің бірлескен жұмысы арқылы қазақ тіліндегі жаңа баламасы бар терминдерді күнделікті қолданысқа енгізу. Осы ұғымдарды жүйелеп, ортақ қолданысқа түсіру үшін ауқымды жобаны жүзеге асыруды жөн көрдік, – дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева.
Лингвистикалық экспедиция барысында жиналған 200 атау сарапшылардың жан-жақты талдауынан өтті. Нәтижесінде олардың 75-іне қазақ тілінде қолданысқа лайық балама ұсынылды. Негізгі ұстаным – әрбір терминнің әрі ғылыми ортада, әрі өндірістік салада тиімді әрі түсінікті қолданылуы.
– Біз бірқатар терминді қазақшалап, тіл заңдылықтарын ескере отырып, атап айтқанда лингвистикалық, аналитикалық және синтетикалық әдістер негізінде ұсынып отырмыз. Әрине, бұл ұсыныстарды Терминком ресми түрде бекітпеді, тек ұсыныс ретінде қарастырылуы керек. Терминнің негізгі шарттары – қысқа әрі бір мағыналы болу. Осы жұмыста біз қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақшаланбаған терминдерге ерекше назар аудардық, – деп атап өтті филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев.
Қазақ тілінің ғылыми-техникалық салалардағы қолданысын кеңейту мақсатындағы жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жоба аясында жаңа терминдерді анықтау, оларды сөзжасам әдістерімен қазақшаландыру, сараптамадан өткізу және жұртшылыққа таныстыру жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, жоба барысында анықталған терминдер Республикалық терминология комиссиясына ұсынылады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

