Маңызды шешімдер мен жаңа бастамалар
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов ХХХІ сессия барысында депутаттардың бір жыл ішінде атқарған жұмысы жөніндегі дәстүрлі есепті ұсынды. Сессияда облыстың алдағы кезеңге арналған бюджеті бекітіліп, әлеуметтік сала мен медицина, аумақтық жоспарлау, сондай-ақ мамандарды қолдау бағытындағы бірқатар негізгі шешімдер қайта қаралды. Жиын барысында депутаттар сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Сонымен қатар халық қалаулылары Қарағанды қаласының шекарасын өзгертуге қатысты және өңірдің дамуына серпін беретін ондаған бастамаларды қолдады. Сессияда алдағы жылы жүзеге асырылатын оң өзгерістер мен маңызды жоспарлар да кеңінен талқыланды.
Қымбат және сирек кездесетін препараттарға қол жеткізу – сессияның негізгі мәселесі болып отыр. Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша өңірде орфандық аурулары бар 208 науқасты қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңге бөлінген. Дегенмен, аса қажет үш дәрі – Теклистамаб, Вандетаниб және Альглюкозидаза-альфа – әлі күнге дейін тізімге қосылмаған. Келер жылы аталған препараттар нақты үш науқасқа қажет болады, олардың ішінде тоғыз жастағы қыз бала бар.
– Орфандық дерт – адамдарда сирек кездесетін аурулар. Кеселге шалдыққан науқастар әрдайым мәслихаттың қолдауымен дәрі-дәрмек алады. Алайда бұл әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне кірмейді, –деді Қарағандыоблыстық денсаулық сақтау басқармасыныңбасшысы СаматКенжебаев.
Күн тәртібінде Қарағанды мен Бұқар жырау ауданының шекараларын қайта қарау мәселесі талқыланды. Қалаға Көкпекті станциясының 281 гектар аумағын қосу ұсынылды, бұл идея тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Жаңа бас жоспарға сәйкес, аталған аумақты қала шегіне қосу жоспарланып отыр. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді.
– Депутаттар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, салық салынатын базаны кеңейту, білім беру объектілерінде жөндеу жүргізу, спорт және білім беру мекемелерінде материалдық-техникалық базаны нығайту қажет. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын қамтамасыз ету, жастар саясатын дамыту, ақпараттандыру және басқа да мәселелер назарға алынды. Облыстық бюджет жобасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басымдықтары негізінде қалыптастырылды, – дейді бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының м.а. Қадиша Оспанова.
Сессияның негізгі бөлігі алдағы үш жылға арналған бюджетті бекітуге арналды. ығындардың 65 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалса, төрттен бірі өнеркәсіп пен нақты секторды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар облыс республикалық бюджеттен жылу, газ және агросекторға арналған трансферттер алады.
– Біздің даму жоспарымызға сәйкес өз қызметімізде осы стандарттарды енгіземіз. Егер елдімекенде отбасылық амбулатория немесе белгілі сипаттамалары бар мектеп жоспарланған болса, біздің мақсатымыз – олардың барлығына қол жеткізу, –деді Қарағанды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева.
Осы жылы депутаттар 11 сессия өткізді және соның барысында 101 шешім қабылданды. Экология мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жоспарға 82 шара енгізілген. Бір жыл ішінде азаматтардан 280-ге жуық өтініш түсті, сонымен қатар 260-тан астам жеке қабылдау өткізілді. Бұл туралы облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов хабарлады.
– Ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында сумен жабдықтау жүйелерінен 1 текше метр ауызсу үшін төлем мөлшері бекітілді. Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін сессия шешімімен амбулаториялық емдеуге жергілікті бюджет есебінен қосымша берілетін 25 дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтілді. Сонымен қатар ауылдарға, кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шеңберінде көтерме жәрдемақыны 8,5 миллион теңгеге дейін ұлғайту көзделген шаралар бекітілді. Кезектен тыс сессияда депутаттар Қарағанды қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспарын мақұлдап, талқылау барысында 50-ден астам ұсыныс енгізді, олардың көпшілігі ескеріліп назарға алынды, – деп атап өтті Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов.
Қарағанды облыстық мәслихаты екі жаңа депутатпен толықты. Ал 2026 жылы өңірді жаңартылған жоспар мен күшейтілген әлеуметтік қолдаулар күтіп тұр. Сессия қорытындысында медицина, инфрақұрылым және қалалардың дамуына ықпал ететін өзгерістер де айтылды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

