Жаңа жыл қарсаңындағы жарық пен ғажайып мекені

Қаланың жүрегінде орналасқан Орталық саябақ бұл күндері ертегі әлеміне айналып келеді. Қысқы кештерде мыңдаған шам жарқырап, ағаштарға ілінген гирляндалар айналаны жұмсақ сәулеге бөлейді. Мұнда әр қадам сайын Жаңа жылға тән ерекше көңіл күй сезіледі – асықпай серуендеп, мерекенің жақындағанын жан-тәніңмен сезінесің.

Биыл саябақты безендіру өзгеше мағынаға ие. Ол тек мерекелік әшекейлермен шектелмей, спорт пен ұлттық мәдениетті ұштастырған ерекше тұжырымдамамен толықты. Саябақ ішіндегі орталық аллея жарық инсталляцияларымен безендіріліп, кешкі уақытта нағыз сиқырлы жолға айналады. Ал жағалау бойында бірінен соң бірі тізілген жарық порталы ерекше әсер қалдырады – бұл жер мерекелік серуеннің ең танымал нүктелерінің біріне айналды. Жол бойында жарқыраған бұғылар, сымбатты жылқы бейнелері көз тартады. Олар ертегіден шыққандай әсер қалдырып, балалар мен ересектерді бірдей қуантады. Ал тауыс пішініндегі жарық аркалар түрлі түске боялып, кешкі серуенге сән қосады. Ұлттық нақыш та назардан тыс қалмаған. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары түріндегі жарық композициялары парк кеңістігіне ерекше жылулық пен мәдени тереңдік береді. Олар басқа әшекейлермен үйлесіп, Жаңа жылдық безендірудің ажырамас бөлігіне айналған. Солтүстіктің суық тынысын еске салатын көріністер де бар: эскимос бейнелері, иттер мен бұғылар жеккен шаналар – бәрі де қиялды алыс, қарлы мекендерге жетелейді. Ал ең ауқымды нысандардың бірі – ондаған шаммен көмкерілген алып кеме. Ол қысқы саяхатқа аттануға дайын тұрғандай әсер қалдырады. Саябақ аумағындағы мұз айдыны да өз қонақтарын қабылдауда. Мұнда 26 желтоқсан күні сағат 20:00-де шыршаны жағу рәсімі мен мерекелік бағдарлама өтеді. Мұз айдынының жанында өткен жылдан бері қала тұрғындарының сүйікті фотолокациясына айналған алып жарық аюлар қайта орнатылды. Көл үстінде сырғанау төбешіктері салынған, шаттыққа толы күндер қала тұрғындарын күтіп тұрғанының белгісі. Дегенмен тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, мұз толық қатқанша сақ болу ескертіледі. Қазірдің өзінде Орталық саябақ Жаңа жылды қарсы алуға дайын, инсталляциялар орнатылып, әр бөлшекке ерекше мән берілген. Бұл жер алдағы күндері қала тұрғындары мен қонақтары үшін жарыққа, қуанышқа және ұмытылмас әсерлерге толы басты мерекелік мекенге айналмақ.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»