Жаңа алаңдардың сапасы тексерілді
Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңадан орнатылған футбол және балалар алаңдарының сапасын арнайы аралап жүріп бағалады. Биыл Қарағандыда 19 футбол алаңы пайда болды. Оның ішінде, Октябрь ауданында – 12 және Қазыбек би ауданында – 7. Сондай-ақ, қала жүздеген жаңа ойын алаңдарымен толықты.
Қала басшысының айтуынша, биылғы жылы сатып алынатын материалдар мен құрылыс жұмыстарының сапасына үлкен көңіл бөлінді. Тексеру барысында әкім жаңа құрылыстардың сапасы өткен жылға қарағанда жақсырақ екенін атап өтті. Сонымен қатар аудан басшыларына жаңа локацияларды ұқыптылықпен қадағалап, тиісті күтім ұйымдастыруды тапсырды.
— Биыл біз мүлдем басқа жабындарды орналастырдық. Яғни, қыста бұл футбол алаңдарында мұз айдынын жасауға болады. Ол сапа бұзылуына әсер етпейді. Сондықтан тұрғындарға қыста мұз айдынын ұйымдастыруға рұқсат бердік. Енді, ең бастысы, адамдар вандализммен айналыспай, мүліктерді күтіммен қолдануға тырысса болғаны. Жергілікті тұрғындар осы мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс, ал аудандық әкімдіктер оны күтіп-бағуды өз мойнына алады.
Келесі жылы да түрлі жаңа ойын алаңдарын орнатамыз. Бір жылда барлығын бірдей жасау мүмкін емес, мұны түсінуіміз керек. Биыл біз Сортировка, ЖБИ, Узенка, Федоровка сияқты шалғай аудандарды да қамтыдық. Бұл жерде де балаларға және спортқа арналған алаңдарды ұйымдастыру маңызды. Егер дәл қазіргідей сапалы етіп жасасақ, олар ондаған жылдар бойы тұрғындар мүддесіне қызмет етеді. Сондай-ақ, аудандарда ескі футбол алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Октябрь ауданында бір жыл ішінде осындай үш алаң қалпына келтірілді.
Біз үшін келесі міндет – аулаларды көліктерге арналған тұрақ орындарымен қамтамасыз ету. Қала Кеңес заманында, көлік саны әлдеқайда аз болған кезде құрыла бастады. Келесі жылға осы проблемалық мәселені шешу үшін жоба әзірлеп жатырмыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кету керек, биыл балалар алаңдары 100-ден 300 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, кейбір ойын элементтері қосылды. Мысалы, көптеген аулаларда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорттық тренажерлер пайда болды. Футбол алаңдары жоғары сапалы материалдардан жасалған. Өткен жылы қоршауға 3D тор қолданылған, ал ол аз уақытта жарамсыз болып қалған. Сол себепті биыл қоршаулар металл шыбықтардан жасалды. Алаңдардың биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Ал абаттандыру, құрылыс, орналастару және тағы да басқа жұмыстарды есепке алғандағы бір алаңның жалпы құны – 16 миллион теңге.
Жалпы, 2021 жылы Қазыбек би атындағы ауданда 53 балалар ойын алаңы пайда болды. Оның ішінде Оңтүстік-шығыста- 18, Михайловкада -15 және Орталықта -20. Октябрь ауданында балаларға арналған 55 жаңа алаң бар, оның бесеуі «Халықтық қатысу бюджеті» бағдарламасы бойынша жасалған.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»