Қарағандыды «PFIZER» вакцинасын егу басталды
Әлемде эпидахуал әлі де құбылмалы. Осыны ескерген дамуы озық елдер дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымын құптап отыр. Оның дәлелі – қазір әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап балаларға екпе салынып жатыр. «Pfizer» жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға да салынады. Өзге елдердегі өзекті жағдайды ескере отырып, Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундау үшін тиімділігі іс жүзінде дәлелденген «Pfizer» вакцинасын таңдады. Вакцинаның 40 950 дозасы Қарағанды өңіріне жеткізілді.
Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпе тегін әрі ерікті жүргізіледі. Бұл мәселенің заңды қырына келсек, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабы бойынша, кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцинация екпе алушының келісімімен ғана жүргізіледі. 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналауға ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.
PFIZER ӨНІМІ ҚАЛАЙ САҚТАЛАДЫ?
12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакциналау білім беру ұйымдарының екпе кабинеттерінде жүргізіледі. Ата-анасы қалап жатса, медициналық ұйымның егу пункттерінде вакцина салғызу мүмкіндігі бар. Мектептерде вакциналау жұмыстары медициналық ұйыммен бірлесіп жүргізіледі. Яғни, орналасқан мекенжайына қарай медициналық ұйымдарға білім ошақтары бекітіліп беріледі. Сол тізім бойынша медициналық ұйым 12 жастан асқан оқушыларға екпе салатын бригадалар жасақтайды. Кез келген екпе препараты сияқты «Pfizer» вакцинасын да сапалы күйде ұстау үшін температуралық режимді қатаң сақтау қажет. Медицина қызметкерлері вакцина дозаларын егу бекеттеріне тасымалдау кезінде осы температуралық режимді сақтау бойынша нұсқаулықтармен танысып, меңгерді. Жалпы бұл екпенің негізгі қоры облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларында минус 60-90°C температурада сақталады.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМ МЕН МЕКТЕП БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІ:
— ҚР Денсаулық сақтау министрінің №361 бұйрығы бойынша санитарлықэпидемиологиялық талаптарға сәйкес егу кабинеттерін жабдықтау;
— алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған препараттарды дайындау;
— адам көп шоғырланбау үшін екпе алушылардың ағынын реттеп отыру;
— вакцина алуға келгендерге «күту залы» мен «екпеден кенігі бақылау бөлмесін» ұсыну, әлеуметтік қашықтықты сақтауға жағдай жасау;
— вакцинация науқанына мектеп және медициналық ұйым психологтарын тарту.
ЕКПЕ АЛДЫНДА:
— 12-18 жас аралығындағы екпе алушыға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен тексеру және сұрау жүргізіледі;
— иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаса, екпе жүргізуге рұқсат ресімделеді;
— екпе алушыға және оның ата-анасына (заңды өкіліне) профилактикалық екпенің ықтимал реакциялары, вакцинасыз жүрудің салдары туралы толық және объективті ақпарат беріледі.
ЕКПЕДЕН КЕЙІН:
Вакцина алған жасөспірім 30 минут бойы екпе алған жерде медицина қызметкерінің бақылауында болады. Вакцинациядан кейін мынадай реакциялар болуы мүмкін:
— ине сұққан орнындағы ауырсыну, ісіну, шаршағыштық, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, буын ауыруы, қалтырау, диарея, қызба; аталған реакциялардың кейбірі 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерде ересектерге қарағанда біршама жиі кездескен;
инъекция орнындағы қызару, жүрек айну, құсу; лимфа түйіндерінің ұлғаюы, әлсіздік, қолдың ауруы, ұйқысыздық, инъекция орнындағы қышу, бөртпе немесе қышу сияқты аллергиялық реакциялар және т. б.
Иммундаудан кейін жағымсыз реакциялар туындаған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет.
МЫНАДАЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАРСЫ КӨРСЕТІЛІМІ БАР АДАМДАР «PFIZER» ВАКЦИНАСЫН САЛҒЫЗБАУЫ КЕРЕК:
— белсенді затқа немесе препараттың кез-келген басқа компоненттеріне аллергия; Алайда жұмыртқа мен желатині есептелмейді. Өйткені, «Pfizer» екпесінің құрамында бұл компоненттер жоқ.
— баланың жасы 12-ге толмауы; — жүктіліктің алғашқы 16 аптасы.
«PFIZER» ВАКЦИНАСЫМЕН ИММУНДАУ КЕСТЕСІ:
1 дозасы – кез келген күн;
2 доза – бірінші дозаны алғаннан кейін 21-28 күн аралығында.
«Pfizer» вакцинасымен иммундаудың артықшылықтары:
— инфекция жұққанның өзінде ауыр өтуден, асқынудан сақтайды;
— екпе алғандарды ғана емес, солардың айналасындағыларды да індеттен қорғайды;
— «ұжымдық иммунитет» қалыптастырады;
— иммундаудан кейін алынған «вакцинация паспорты» сапарлау аясын кеңейтеді. Вакцинация алдында коронавирус инфекциясы мен антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін 6 айдан соң, вакцинациялау алдындағы жай-күйін мұқият тексеріп, «Pfizer» вакцинасын салғыза алады. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға жол беріледі.
Өткен аптада өңірге жеткізілген «Pfizer» вакцинасын апта басында қаламыздағы бірнеше емханада егу басталды. Бұл үшін алғашқылардың бірі болып қалалық №3 емхана және Лобода көшесі бойында орналасқан алғашқы медико-санитарлық көмек орталығы таңдалған. Ал, Қарағанды облысы бойынша бүгінде 12-17 жас аралығындағы 199313 жасөспірім бар. Екпенің алғашқы күні 31 жасөспірім, 10 жас ана «Pfizer» вакцинасын алды.
Алаңдаулы ата-аналарға бұл екпе жайында егжей-тегжей түсіндірме жүргізу үшін Қарағандыда «Ел үшін егілемін» азаматтық аймақтық штабы жұмыс жасауда. Штаб мүшелері соңғы айда бірнеше брифингтер мен дөңгелек үстел отырыстарын өткізіп, вакцина жайында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Басты міндет – ата-аналарға бала денсаулығына қамқорлық жасаудың маңыздылығы мен қажеттілігін тиісінше жеткізу.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ
QH.