«Бұқар мен Доскейдің мұрасы»
Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде «Біз – Бұқар мен Доскейдің жалғастырушыларымыз» атты республикалық айтыс пен жыр-терме кеші ұйымдастырылды. Кеш Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, халық ақыны Доскей Әлімбайұлының 175 жылдығы, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай өткізілді.
Шараға елдің әр өңірінен айтыс пен жыр өнерінің белгілі майталмандары қатысты. Кешті ақын әрі қоғам қайраткері Айтбай Жұмағұлов жүргізді. Сахнада тәжірибелі ақындар мен жас таланттар сөз сайысына түсті.
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Ботақарадағы айтыс дәстүрінің ерекшелігін атап өтті:
– Бұл жерде алғаш рет өнер көрсетіп тұрған жоқпыз. Ботақарадағы айтыс әрдайым жоғары деңгейде өтеді, ал бүгінгі шара одан әрі ерекше болды. Халықтың шынайы ықыласы ұлттық өнерге жаңа тыныс береді, – деді ол.
Аманжол Әлтай өз сөзінде рухани сабақтастыққа мән берді:
– Биыл алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күні оқырман елдің өркендеуге ұмтылатынының белгісі. Абай да дәл осындай халықты елестеткен. Сонымен қатар, биыл халық ақыны Доскей Әлімбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Кеште ақындар Абай, Бұқар жырау және Доскей образы арқылы ұрпақтар арасындағы алтын арқаудың үзілмегенін көрсетті. «Біз – Бұқар мен Доскейдің жалғастырушыларымыз» айтысы игі дәстүрге айналсын, – деді ол.
Айтыскерлер жеке номинациялар бойынша ақшалай сертификаттармен марапатталып, жыр өнерінің өкілдері де құрметке бөленді.
Жарқын орындаулар, терең образдар және көрерменнің ыстық ықыласы Ботақарадағы кеш тек мәдени шара ғана емес, қазақ руханиятының шынайы мерекесіне айналды. Мұндай кездесулер ұлттық өнердің өміршең екенін көрсетіп, жаңа таланттарды танытуға және рухани сабақтастықты сақтауына ерекше үлес қосады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

