Қазақстан – Еуропа одағы: Берік достық пен сан қырлы ынтымақтастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Еуропалық Кеңес Прези­­­денті Антониу Коштамен кездесу өткізді.

Қазақстан – Еуропа одағы: Берік достық пен сан қырлы ынтымақтастық

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Табысы мол онжылдық серіктестік

Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың рәміздік мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз – Еуропа одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

– Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастық­ты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құр­мет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогіміз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін, – деді Мемлекет басшысы.

Еуропа одағы – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серік­тесі. Былтыр екіжақты тауар айналы­мы шамамен 50 млрд долларға жетті. Ал 2005 жылдан бері елімізге келген инвес­тицияның жалпы көлемі 200 млрд долларға жуықтады. Еуропа одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Президент энергетика, көлік, цифр­ландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан аса еуропа­лық компанияның экономикамызға қос­қан үлесін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитар­лық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа одағының білім беру бағдарламаларына ризашылы­ғын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан аса қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Мемлекет басшысы визалық режімді жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогін қуаттайды. Аталған платформа орнықты өсім және өзара байланыс саласындағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге жол ашты. Мемлекет басшысы С5+ диалогі аймақты дамытудағы басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.

а

Антониу Кошта қонақжайлылық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді Сонымен қатар Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қар­қын­ды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақтың елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

– Кейінгі 10 жылда Еуропа одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсізді­гі­мізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқа­рады. Бүгін біз қарым-қатынасымыз­ды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз, – деді Еуропалық Кеңес Президенті.

Мәртебелі мейманның айтуынша, Еуропа одағы мен Қазақстан БҰҰ Жарғысында бекітілген мультилатерализм мен халықаралық тәртіп құндылық­тарына арқа сүйейтін бейбітшілік ұстанымын жақтайды. Еуропалық Кеңес басшысы әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өрлеуді қамтамасыз ететін күш-жігер дәл осы қағидатта көрініс тапқанын жеткізді.

Антониу Кошта Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық қазіргі көпжақты әлемдегі қарым-қатынасты ілгерілетудің маңызды факторына айналғанын атап өтті. Бұл ретте ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағала­ды. Оның пікірінше, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Кавказ және Қара теңіз арқылы Еуропаға шығатын Транскаспий көлік дәлізін дамытуға тың мүмкіндік береді.

Кездесуде екіжақты қарым-қатынас­тың ауқымды мәселелері қарасты­рылып, көлік-логистика, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы секілді перспективті бағыттарға баса мән берілді.

 

Мәртебелі мейманды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы серіктес­тікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті.

м

– Екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Бұл қос тарапқа да пайдасын тигізе отырып, ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге жол ашты. Биыл Кеңейтілген серіктес­тік және ынтымақтастық туралы келісім­нің қабылданғанына 10 жыл толды. Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастың өзегіне айналған бұл маңызды құжат сындарлы әрі болашаққа бағдарланған байланысты бекіте түседі. Президент Кошта мырза, өзара тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге белсене атсалыстыңыз. Сіз – Қазақстанның сенімді досы және әлемдік деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Сіздің парасатты басшылығыңыз бен берік ұстанымыңыз, сындарлы диалог жүргізуге ниет танытуыңыз Еуропадағы бірлікті нығайтуда және әлемдегі барша серіктестермен мазмұнды ынтымақ­тастықты дамытуда маңызды факторға айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы серіктестікті терең­детуге Антониу Коштаның қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Құрметті Президент мырза, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданы Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы берік достықтың жарқын белгісі, Сізге көрсетілген құрметіміз ретінде қабыл аласыз деп үміттенемін. Қазақстан мен ЕО арасындағы табысты серіктестіктің одан әрі дамып, достығымыздың беки беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еуропалық Кеңес Президенті бұл марапатты Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы берік достық пен сан қыр­лы ынтымақтастықтың рәмізі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

– Бүгін көрсеткен құрметіңізге дән ризамын. Мұны сенім мен диалогті нығайтудың, тұрақтылықты, өркендеуді және ашықтықты қамтамасыз етуге ортақ ұмтылысымыздың көрінісі деп бағалаймын. Құрметті Президент мырза, халықтарымыз бен тұтас аймақтың игілігі үшін бірлескен жұмысты алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастырамыз деп ойлаймын, – деді Антониу Кошта.

 

Экономикалық серіктестіктің маңызы зор

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды.

– Қазақстан мен Еуропа одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде «жаңа буын» келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ық­палдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастық.

– Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыс­тарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.

– Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы үйлестіру платформасы­ның жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастама­сын құптаймыз. Қазақстан Еуропа одағы­­ның Орталық Азия елдеріне арналған 12 млрд еуро көлеміндегі инвестициялық па­кеті­не қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенім­діміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіз­дік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүм­кіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері сала­ларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз – шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару әрі қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.

– Қазақстан мен Еуропа одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз «Team Europe Initiative on Digital Connectivity» («Еуропа командасының» цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жет­кізуі бо­йынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа одағы­­ның алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкін­дігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған «Horizon Europe» бағ­дар­­ламасы мен «Global Gateway» тұжы­рым­­дамасын жоғары бағалайды. Біз осы үде­­ріс­­ке белсенді атсалысқанымызды мақ­тан тұтамыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Барыс-келіс пен алыс-беріс жиілейді

Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.

– Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа одағына риза­шылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақ­стандық жастар ЕО бағдарлама­ларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласынд­ағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Еуропа одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.

– Өңірлер арасындағы ынтымақтас­тықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда «Орталық Азия – Еуропа одағы» диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларын­дағы маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қар­қы­ны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Антониу Кошта Еуропа одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.

– Осы аптада Брюссельде визалық режімді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз рәмізіне айналады, – деді ол.

Еуропалық Кеңес басшысы Самарқанд қаласында өткен «Еуропа одағы – Орталық Азия» саммитінің нәтижесін­де өңіраралық серіктестікті стратегия­лық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.

Сондай-ақ Антониу Кошта халық­аралық тәртіпке қауіп төндірген жаһан­дық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, Еуропа одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамта­масыз етудегі белсенді әрі конструк­тивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасын­дағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауы­ңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркен­деген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байла­ныстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады, – деді Еуропалық Кеңес басшысы.

Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақ­стан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін, – деді Антониу Кошта.