Жаңа жыл қарсаңында балаларға ойыншықтарды қалай таңдау керек?
Жаңа жыл мерекесі – балалар асыға күтетін ең қуанышты, әрі қызықты кезең. Әр ата-ана өз баласына қуаныш сыйлап, ең әдемі ойыншықты алуға тырысады. Алайда ойыншық таңдау барысында оның сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет.
Ойыншық қауіпсіздігі басты назарда болу керек:
Балаларға арналған ойыншықтар олардың денсаулығына, ой-өрісіне және дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан да әрбір ойыншық ҚР және ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Атап айтқанда, ойыншықтар «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне (КО 008/2011 ТР) сай келуі қажет. Бұл құжат ойыншықтарды өндіру, айналымға шығару және пайдалану кезінде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Сатып алу кезінде нені ескеру керек?
- Таңбалануы мен нұсқаулықты тексеріңіз.
Қаптамада өндіруші туралы ақпарат, өнімнің атауы, қолдануға арналған баланың жасы (мысалы, 3+), шығарылған елі және EAC сәйкестік белгісі болуы шарт.
- Сапа құжаттарын сұраңыз.
Сатушыдан ойыншықтың сәйкестік туралы декларациясы немесе сапа сертификатын көрсетуін талап етіңіз. Бұл құжат өнімнің техникалық регламент талаптарына сай екенін дәлелдейді.
- Сыртқы түрі мен иісіне назар аударыңыз.
Өткір иісті, бояуы тез өшетін немесе ұсақ бөлшектері оңай ажыратылатын ойыншықтардан бас тартқан жөн.
- Материалдың қауіпсіздігін қараңыз.
Пластмасс, мата немесе резеңкеден жасалған ойыншықтар улы емес, аллергия тудырмайтын материалдардан болуы тиіс.
- 5. Электронды ойыншықтарға мұқият болыңыз.
Егер ойыншықта батарея немесе жарық, дыбыс шығаратын элементтер болса, олардың сенімді бекітілгенін және қызып кетпейтінін тексеріңіз. Дыбыстық мөлшері жағымсыз болмауы қажет.
Жаңа жыл мерекесінде әр бала сыйлық күтеді. Бірақ ең қымбат сыйлық – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Сондықтан ата-аналардың ойыншық таңдауда тексерілген, сапалы және техникалық регламент талаптарына сай келетін өнімдерді таңдауы қажет.
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қ. Қазыбек
би атындағы ауданы
бойынша санитариялық- эпидемиологиялық
бақылау басқрамасының
басшысы

