Халықтың мұң-мұқтажы тыңдалды

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев халықтың өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастырды. Тұрғындар абаттандырудан бастап медициналық көмек пен әлеуметтік қолдауға дейінгі түрлі өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кезекті азаматтарды қабылдауын өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар абаттандыру, денсаулық сақтау қызметтері және өмірлік қиын жағдайларда көрсетілетін қолдау мәселелерін көтерді. Аймақ басшысымен мұндай жеке кездесулер тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Қабылдауға жергілікті қауымдастықтардың белсенділері қатысып, өңір басшысымен қала шеткері аумақтарының абаттандырылу мәселелерін талқылады. Олар соңғы уақытта бірқатар оң өзгерістер байқалғанын жеткізді. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де бар екенін айтты. Атап айтқанда, жеке секторды жарықтандыру, ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру, күл үйінділерінің жанындағы аумақты көгалдандыру қажеттігін көтерді. Сондай-ақ газдандыру мүмкіндіктеріне қатысты сауалдар да қойылды.

– Мұндай кездесулер бізге жергілікті қауымдастықтың нақты проблемаларын тікелей естуге мүмкіндік береді. Қандай жұмыстар істелгенін және әлі қандай мәселелер шешімін қажет ететінін тұрғындардың өз аузынан білу өте маңызды. Жеке секторды жарықтандыру, қасбеттерді жөндеу, көгалдандыру сияқты мәселелер біз үшін де басым бағыттардың қатарында. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әр ұсынысты қарап, мүмкіндігінше тиімді шешу жолдарын қарастырамыз. Газдандыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды жоба. Қазір техникалық және қаржылық мүмкіндіктер зерттеліп жатыр. Тұрғындарға қолайлы әрі тиімді шешім қабылдау үшін барлық аспектілер жан-жақты қарастырылатын болады. Ашық диалог – жергілікті басқарудың басты құралы. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіледі. Біз барлық ұсыныс пен сын-ескертуді ескеріп, өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Фин кентіндегі №60 мектеп – қаладағы ең көне оқу орындарының бірі. Ғимарат 1968 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде мектеп аумағында футбол алаңының болмауы өзекті мәселелердің бірі ретінде көтеріліп, қабылдау барысында оны шешу жолдарыда талқыланды. Өңір басшысы қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзинге жағдайды анықтап, мәселені шешуді тапсырды.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»