Кішкентай қадам – үлкен өзгеріс

Қарағанды облысында 30 білім беру ұйымының 500-ге жуық оқушысын біріктірген «Эко-қаһарман» облыстық экологиялық байқауы қорытындыланып, жас экобелсенділердің еңбегі жоғары бағаланды. Акция барысында балалар 339 келі пластик пен 7 323,9 келі макулатура жинап, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосты. Шара 20242029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Бөл, өткіз, қайта өңде!» бастамасы аясында өтті. Жобаның басты мақсаты мектеп оқушылары арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйрету және экологиялық әдеттерді күнделікті өмірге енгізу. Байқау екі бағытта ұйымдастырылды: «Макулатура жина – ағашты сақта!» және «Пластикті кәдеге жарату – планетаға ауа керек!». Әр бағытта оқушылардың белсенділігі, жинаған шикізат көлемі және экотақырыпты насихаттаудағы жұмысы ескерілді.

Байқаудың ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Шараға өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындары мен жастар ұйымдары серіктес ретінде атсалысты. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларынан келген 30 мектеп командасы тек қалдық жинап қана қоймай, әлеуметтік желілерде экологиялық мәдениетті ілгерілетуге де көңіл бөлді. 8-15 жас аралығындағы оқушылар апталап дайындалып, экологияға қатысты бейнероликтер түсіріп, жазбалар жариялап, көпшілікті табиғатты қорғауға шақырды.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті,

– Экологиялық тәрбиені ерте жастан үйрету ұзақ мерзімді жақсы нәтижеге жетудің ең тиімді жолы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді түсіндіру өте маңызды. Біз балаларға жастайынан қоқыс тастамауды, табиғатты қорғаудың маңызын және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды үйретеміз, – деді ол.

Байқау нәтижесі үш аталым бойынша шығарылды: «Макулатура жинау көшбасшылары», «Пластик жинау көшбасшылары» және «Instagram-дағы ең белсенді команда». Соңғы аталымда командалардың креативтілігі, жарияланымдардың тұрақтылығы және экологиялық өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі бағаланды. Биыл №45 мектеп-гимназиясы айқын көшбасшы атанып, үш аталым бойынша жүлделі орынға ие болды. Мектеп екі бірінші орын және бір екінші орынды иеленді. Олар 967 килограмм макулатура және 70 келі пластик бөтелке жинап, өңірдегі экологиялық бастамаларға белсенді қатысатындарын дәлелдеді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ирина Деева «Экомектеп» жобасының сегіз жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанын, оған мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар түгел қатысатынын айтты.

– Мектепте макулатура, пластик бөтелкелер, пластикалық қақпақтар және батарея жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылған, ал ең белсенділер бастауыш сынып оқушылары, – дейді Ирина Деева.

Байқау соңында жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар оқушыларды табиғатты қорғауға баулып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттырады. Сонымен бірге мектептерде қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға да елеулі әсер етеді. Экологтар мен педагогтар мұндай бастамалардың қоғамда экосана қалыптастырудағы рөлі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»